Қақтығыс аймақтарында әйелдердің рөлі неге күшейіп келеді?
Халықаралық курсқа бірнеше елдің мамандары қатысқан.
17-21 тамыз аралығында Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында «БҰҰ бітімгерлік операцияларындағы гендерлік аспектілер» атты халықаралық курс өтіп жатыр. Оған Қытай, Пәкістан, Армения, Жапония және Франциядан келген әскери қызметкерлер мен мамандар қатысуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бітімгершілік операциялық орталығының қызметкері, капитан Айтолқын Әбдібектің айтуынша, түрлі елдердің өкілдері қатысатын мұндай оқу бағдарламасы тәжірибе алмасуға және қақтығыстарды шешудің тиімді жолдарын бірлесіп талқылауға мүмкіндік береді.
Курс аясында гендерлік тәсілдің бітімгерлік миссиялардағы маңызына ерекше назар аударылған. Сарапшылардың пікірінше, ерлердің, әйелдердің және балалардың қауіпсіздікке қатысты қажеттіліктері әртүрлі болғандықтан, бұл факторды ескермеу миссияның тиімділігіне әсер етуі мүмкін.
– Кей жағдайда жергілікті тұрғындарға әйел бітімгерлермен байланыс орнатып, маңызды ақпаратпен бөлісу әлдеқайда жеңіл болады. Сондықтан әйелдердің бітімгерлік миссияларға қатысуы тек теңдік мәселесі емес, миссияның нәтижелілігін арттыратын маңызды құрал, – деді капитан Айтолқын Әбдік.
Оның сөзінше, курс теориядан гөрі практикалық жұмысқа көбірек бағытталған. Қатысушылар нақты жағдайларды талдап, халықаралық тәжірибеде кездесетін кейстер негізінде шешім қабылдау дағдыларын жетілдіреді.
Сондай-ақ капитан мұндай бағдарламалар бітімгерлердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық серіктестермен ынтымақтастығын нығайтуға да ықпал ететінін атап өтті.