Қақпақ ауылында қайырымдылық спорт залы ашылды
Түркістан облысының Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылында балаларға арналған қайырымдылық спорт залы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазақстан халқына» қорының жобасы аясында ауыл балалары спорт секцияларына тегін қатыса алады.
Жаңа спорт зал жергілікті мектеп аумағында ашылды. Зал бөлмесі мектеп балансында. Осыған дейін ауыл балалары күрес үйірмесіне барғанымен, тұрақты жаттығулар өткізу үшін қажетті жағдай жасалмаған еді. Сондықтан тұрғындар, әсіресе, балалар жаңа залдың ашылуын асыға күтті.
«Қазақстан халқына» қоры «Батыр боламын» ҚҚ-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаны естіп, ауыл азаматтары болашақ зал ашылатын ғимаратты өз күштерімен жөндеуден өткізді.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен үй-жай қажетті заманауи жабдықтармен, спорттық мүкәммалмен және жаттығуға арналған құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Жаңа спорт залда 80 бала еркін күреспен айналысуды бастап кетсе, бокс секциясына қабылдау басталды.
Біз залдың ашылуын асыға күттік. Апта сайын жаттығамыз. Бәрімізге қатты ұнайды. Қаладағыдай залдардай өте кең және заманауи. Осындай спорт залды ашқан ағаларымызға рақмет!, – дейді секцияға қатысушылардың бірі Досжан Азамат.
Қақпақ ауылындағы зал «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Батыр боламын» қорымен серіктестікте «24 балалар спорт залы» қайырымдылық жобасы аясында ашқан тоғызыншы спорт зал.
Ауыл тұрғындары үшін балаларға арналған тегін залдың ашылуы нағыз мерекеге айналады. Осындай зор, әрі игі істің бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Секцияда балалар денсаулықтарын нығайтып қана қоймай, достықтың, өзара көмектің, жаттықтырушылар мен бірге қатысып жатқан балалардың қолдауының құндылығын сезінеді деп сенеміз, – деп атап өтті «Батыр боламын!» қорының вице-президенті Ернұр Сабыкенұлы.
Еске салсақ, «Қазақстан халқына» қоры бастамашылық еткен «24 балалар спорт залы» қайырымдылық жобасы еліміздің шалғайдағы елді мекендерінде немесе спортқа қолжетімділік деңгейі төмен ауылдық жерлерде балалар спортының қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ балаларды адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған. Жобаның мақсатты аудиториясы – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ даму ерекшелігі (инклюзивтілігі) бар балалар.
24 залды ашуға Қор 183 623 000 теңге бөлді. Бүгінгі таңда еліміз бойынша тоғыз зал ашылған және жұмыс істейді: Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Тасты кенті; Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Ават кенті; Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу кенті; Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Ақжігіт кенті; Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Черкасск кенті; Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Изенді кенті; Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қазақстан ауылы; Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылы.