Иісі де, дәмі де өзгермейді: Консервідегі қауіпті қалай тануға болады?
Бұл туралы елорданың бас санитариялық дәрігері түсіндірді.
Үйде дайындалған консервінің дәмі мен иісі өзгермесе де, оның құрамында қауіпті токсин болуы мүмкін. Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева ботулизмнің белгілері мен одан сақтану жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ботулизм – Clostridium botulinum бактериясы бөлетін токсиннен туындайтын аса қауіпті тағамдық улану. Токсин оттегі жоқ ортада түзіледі. Сондықтан герметикалық жабылған үй консервілерін дайындау мен сақтаудағы қателіктер ауыр зардапқа әкелуі мүмкін.
Ботулинум токсині өнімнің дәмін де, түсін де, иісін де өзгертпейді. Қақпағы ісінбеген банкінің өзін сыртқы түріне қарап қауіпсіз деп бағалауға болмайды, - дейді Айгүл Шағалтаева.
Аурудың алғашқы белгілері – жүрек айну, құсу және іштің ауыруы. Кейін көздің бұлдырауы немесе заттардың қосарланып көрінуі, қабақтың түсуі, ауыздың құрғауы, сөйлеу мен жұтынудың қиындауы байқалады. Бұлшықет әлсіздігі күшейіп, тыныс алу қиындауы мүмкін. Ботулизм адамнан адамға берілмейді.
Үй консервілерін қайдан сатып алмау керек?
Департамент стихиялық сауда орындарында жеке адамдар сататын үй консервілерін, тұздалған өнімдерді, маринадталған саңырауқұлақтарды, кептірілген және ысталған ет пен балықты сатып алмауға кеңес береді. Өнеркәсіпте дайындалған консервіні де ашар алдында мұқият тексеру қажет.
Қақпағы немесе түбі ісінген, ішіндегі сұйықтығы лайланған, түсі не иісі өзгерген консервіні тағамға пайдалануға болмайды. Мұндай банкіні дереу жою қажет, - деп ескертеді департамент басшысы.
Үйде консерві дайындағанда неге мән беру қажет?
Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, көкөніс, жеміс және әсіресе саңырауқұлақты ағынды сумен мұқият жуу керек. Консервілеуге тек балғын шикізат жарайды. Қышқылдығы төмен көкөністерді дайындағанда рецептте көрсетілген сірке суын немесе лимон қышқылын қосу, сондай-ақ термиялық өңдеу мен сақтау талаптарын сақтау маңызды.
Департамент үйде етті, балықты және саңырауқұлақты герметикалық жауып консервілеуден бас тартуды ұсынады.
Саңырауқұлақты топырақтан толық тазарту қиын. Ал ет, балық және саңырауқұлақ өнімдеріндегі ботулизм спораларын жою үшін қажет температураға кәдімгі қайнату арқылы қол жеткізу мүмкін емес, - дейді Айгүл Шағалтаева.
Маман үйде дайындалған консервілерді салқын әрі қараңғы жерде сақтауға, ал ашылған банкіні тоңазытқышқа қоюға кеңес береді. Тұтынар алдында банкінің қақпағын және ішіндегі өнімді қайта тексеру қажет. Қақпағы ісінсе, сұйықтығы лайланса немесе ішінде ауа көпіршіктері байқалса, өнімді жеуге болмайды.