Қақпаға гол салудан гөрі, қазынаға қол салуды меңгерген – Нартай Аралбайұлы

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы футбол клубтары нәтиже көрсетпей жатқанын айтып, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандық футбол клубтары қақпаға гол салудан гөрі, қазынаға қол салуды жақсы меңгерген. Ал біз олардың бюджетке таласқандай жасыл алаңда допқа таласқанын қалаймыз. Себебі қазіргі нәтижелері қарын ашырады. Әлемдегі белді доп додасына жолдама алған жалғыз клуб қалғандарына қорған бола алмайды, - деп айтты ол.

2024 жылы Қазақстандағы 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалған.

Қыруар ақша. Бюджет тапшы боп жатқанда футболға ақша таба қалатын өңір басшыларының шешімін шынымен түсінбейміз. Себебі биылда аяқдоп аямай асапты, - деді Нартай Аралбайұлы депутаттық сауалында.

Оның дерегінше, 2025 жылы Премьер-лигада доп тебетін “Ордабасы” футбол клубына 3,2 миллиард теңге бөлінген. “Ақтөбе” футбол клубына 2,1 миллиард теңге, “Қызыл-Жар” клубына 2 миллиард теңге берілген. Жалпы Премьер-Лигада ойнайтын футбол клубының бәрі бюджеттен ақша алады. Ал “Астана” футбол клубы “Самұрық-Қазынадан” 2025 жылға 5,3 миллиард теңге алған.

Мұнша ақшаны аяқдоптың аяғына тастау ақылға сыймайды. Ол ол ма, Бірінші Лигадағы футбол клубтарына да бюджеттен қыруар ақша беріледі, жылына 1,2 миллиард теңгеден алған. Жалпы есебін айтсам, 2025 жылы Премьер-Лига футбол клубтарына 24 миллиард теңге, Бірінші Лигадағы футбол клубтарына 7,7 миллиард теңге берілген. Сәйкесінше Қазақстанның қамбасынан 2025 жылы футболға 31 799 143 000 теңге жұмсалды деп ресми айтуға болады. Міне, футбол клубтарын жекеге берсек кемінде осынша қаражатты үнемдеп, оны мұқтаж салаға салуға болады, - деді Аралбайұлы.

Оның бірі спорт саласындағы жаттықтырушылардың жағдайы. 2025 жылы еңбек жолын енді бастаған жаттықтырушы 117 мың теңге алса, жоғары санатты жаттықтырушы 145 115 теңгеге күн көруге мәжбүр. 

Осылайша бұқаралық спорттың дамуына тікелей әсер ететін мамандар айлығын шайлығына жеткізе алмай пұшайман хәлде жүр. Салдарынан спорт саласындағы жаттықтырушылар жаппай білім саласына кетуде, себебі ол жақта жалақы жоғары. Бұл бір тараптың қаржысына ортақтасу емес, керісінше жалақыға жарымай жүргендерді жоғары айлық алатындармен теңестіруге үндеу, - деді депутат.

Ол мынадай ұсыныстарын жеткізді:

  1. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі барлық футбол клубын жедел арада жекешелендіру қажет;
  2. Қазақстандық футбол клубтары бүгінге дейін қанша қаражат алды, оны қайда жұмсады, бәрін толық тексеру керек;
  3. Үкіметтің №1193 бұйрығына өзгеріс енгізіп дене шынықтыру-спорт ұйымдарындағы жаттықтырушылардың жалақысын көтеру қажет.

Біз бұған дейін еліміздегі қандай футбол клубтары жекені қолына өтуге дайындалып жатқанын жазған едік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы