Қаптау өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың ашылуы 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді
Қазіргі таңда қаптау өнімдерін өндіру саласы –нарықтық экономиканың инфрақұрылымын қалыптастыратын басты бағыттардың бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл саланың дамуы машина жасау, азық-түлік және химия өнеркәсібі, сауда, көлік және басқа да секторлардағы шикізат өндірісінің өсу қарқынымен тығыз байланысты.
Қазақстандық нарықты қаптау өнімдерінің жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету мақсатында алдағы екі жылда жалпы инвестиция көлемі 90 миллиард теңгеден асатын бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясының мәліметінше, бұл шамамен 1500 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Атап айтар болсақ, жалпы аумағы 37 миллион шаршы метрді құрайтын әртүрлі пішін мен өлшемдегі картон қаптамасын өндіретін бес өндірісті іске қосу жоспарлануда.
Үш кәсіпорын жылына 315 млн дана қағаз бен полипропилен сөмкелерін шығара бастайды.
Сонымен қатар, жалпы салмағы 4,9 мың тонна болатын термоқысу, полиэтилен және стрейч-пленка өндірісін іске қосу жоспарланған.
Жылдық өндірістік қуаттылығы 2 миллиард алюминий банка мен қақпақ шығара алатын кәсіпорын іске қосылады деп күтілуде.
Сүт өнімдері үшін 240 млн дана полипропилен стакан мен 324 млн Pure-Pak сұйық өнімдеріне арналған қаптама шығару бойынша екі жоба іске асырылуда. Осы бағыттағы кәсіпорындар үшін, икемді қаптамаларға арналған қуаттылығы жылына 5400 тонна көлемінде болатын бояулар өндірісін іске қосу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, жылына 5 млн дана жұмыртқа қорабын өндіру жоспарлануда. Шыны ыдыстарды шығару үшін жыл сайын 220 миллион бөтелке өндіретін кәсіпорын іске қосылады.
Екі жаңа кәсіпорын 150 мың тоннадан астам пакет шығарады.
Пластикалық қаптамалар саласында жыл сайын 1,2 млн дана флакон, канистра, триггер үшін ыдыстар, банкалар және басқа да полиэтиленнен жасалған қаптамалар шығару жоспарлануда.
Жоғарыда аталған кәсіпорындар толық жобалық қуаттылығына шыққанда өндірістердің көлемі қаржылай мәнде шамамен 100 млрд теңгені құрайды. Оның төрттен бір бөлігін экспортқа шығару жоспарланып отыр.
Айта кету керек, бұған дейін гофрокағаздан жасалған қаптамалар, бигбегтер, термоқысу және стрейч-пленка, тас қағазынан жасалған қаптамалар, полиэтилен пакеттерін шығару бойынша жобалар іске асырылған болатын.
Осылайша, Қазақстанда қаптау материалдарын өндіру саласы тұтыну тауарларын өндірумен қатар дамып келеді, бұл тұтынушыға отандық өнімді сапалы қаптап, тауарды уақытында ұсынуға мүмкіндік береді.
Салаға инвестициялар тарту үшін республикалық және жергілікті деңгейде арнайы экономикалық аймақтар аясында инвестициялық преференциялар, жеңілдетілген несиелеу шарттары, салықтық жеңілдіктер түрінде қолдау көрсетілуде.