Қапшағайда депутаттың көз алдында жас қыз суға батты
Қапшағайда Мәжіліс депутат Бақытжан Базарбектің көз алдында жас қыз суға батып кетті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қайғылы жағдай орын алғанда ол да сол маңда болған.
“Жағалауда қауіпсіздікке жауапты ешкім болмады. Құтқарушылар, бейнебақылау камералары, құтқару құралдары, медициналық қызметкер жоқ. Су қоймасының жағасы жеке кәсіпкерлерге берілген. Қызды судан куәгерлер алып шығып, алғашқы көмек көрсетуге тырысты”, — деді депутат.
Мәжілісмен жағажайлардың кімге тиесілі екенін анықтап, заң талаптарын бұзғандарды жауапқа тарту үшін тексеріс жүргізуді талап ететінін атап өтті.
Алматы облыстық Полиция департаменті қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
“Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер құтқару техникасының және кезекші құтқарушылардың бар-жоғын, демалыс аймағының белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтайды”, — делінген хабарламада.