Қапшағай су қоймасының жағалауындағы қамыс өртеніп жатыр
Алдын ала мәлімет бойынша, жақын маңдағы елді мекендер мен құрылыстарға қауіп төніп тұрған жоқ.
Алматы облысы Алатау қаласының аумағында, Қапшағай су қоймасының жағалауында қамыс өртеніп жатыр. Оқиға орнына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Жағдайды бағалап, өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында Алматы облысы ТЖД бастығы моторлы қайықпен су қоймасы арқылы оқиға орнына жетті. Барлау барысында бес өрт ошағы анықталып, өртті сөндірудің басым бағыттары мен күш-құралдарды орналастыру тәртібі белгіленді.
Қазіргі уақытта құтқарушылар анықталған өрт ошақтарын сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда жер бедерінің күрделілігі, арнайы техниканың оқиға орнына жетуіне кедергі келтіретін жол жағдайы, желдің әсері және қараңғылықтың түсуі өрт сөндіруді қиындатып отыр.
Қиындықтарға қарамастан, төтенше жағдайлар қызметінің бөлімшелері өртті сөндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Алдын ала мәлімет бойынша, жақын маңдағы елді мекендер мен құрылыстарға қауіп төніп тұрған жоқ.