Қаныш Әбубәкіров бірқатар әскери нысанды тексерді
Әскери және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бақылауда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, облыс басшылығымен кездесіп, бірқатар әскери нысандарды тексерді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен келіссөздер барысында армия бөлімшелері орналасқан жерлерде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы гарнизон инфрақұрылымын одан әрі жаңартуға және әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.
Министрдің орынбасары әскери бөлімдерде мерзімді қызмет сарбаздарын киім-кешекпен қамтамасыз етудің, медициналық қызмет көрсету және тамақтандырудың ұйымдастырылуын көрді. Әсіресе казармалар мен әскери нысандарды жылыту, сумен және электрмен жабдықтау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Ақтаудағы әскери-теңіз базасына барған кезде генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров әкімшілік модульдік ғимаратты, казарманы, пирстер мен дивизион корабльдерін қарап шықты. Әскери госпитальда ол ағымдағы жұмыстардың барысын тексеріп, жеке құрамға көрсетілетін медициналық қызметтің ахуалын бағалады.
Ақтау гарнизонының теңіз жаяу әскерлері бригадасында өткен қорытынды кеңесте генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров мемлекеттік мүлікке ұқыпты ұстауға және әскери объектілердің тиімді жұмыс істеуіне тікелей әсер ететін коммуналдық ресурстарды үнемдеп тұтынуға қатысты бірқатар тапсырма берді. Бұдан өзге ол әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды одан әрі жақсартуға және мерзімді қызмет сарбаздарының тамақтануына назар аударды.