"Қаңырап жатыр". Алматының беделді базарында сауда жоқ
Қыс мезгілі алматылық саудагерлерге оңайға түспеді. Қаңырап қалған бутиктерден көз сүрінеді. Саудагерлер сауданың жүрмей, табыстың азайып жатқанын айтып шағымдануда, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Саудагерлердің айтуынша, бұрынғыдай сауда жоқ. Сатып алушылардың көпшілігі онлайн тапсырыс береді.
Қазір базардағы саудаға қарағанда онлайн сауда қызып келеді. Базардан тұрақты сатып алушылар іздеп келіп, сатып алады. Әлеуметтік желілерге тауарыңды жарнамаласаң, өзге қалалардан тапсырыс беріп жатады. Бұл, бір жағынан, жұмысты жеңілдетеді. Дегенмен қазіргі уақытта тұтынушылардың қаражатының аздығы ма, базардағы сауда бұрынғыдай қызып тұрған жоқ, - дейді Ержан есімді барахолка базарының саудагері.
Ал тұтынушылар қыста сауда жасамақ түгілі, азық-түлікке қаржының әрең жететінін айтады.
Қаңтардың аяғы мен ақпанның басында ақша түспей, қиналып кетеміз. Сол себептен болар, сауданың жүрмейтіні. Қазір тұрғындарға да оңай емес. Азық-түлікке қаржы жетпей қалады. Бұған несие, пәтерақысын қоса беріңіз. Дегенмен көктем мен жаз айларында халықтың да тұрмысы жеңілдері сөзсіз, - дейді қала тұрғыны.
Алматы қаласы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті интернет-алаяқтық қарқын алып келе жатқанын атап өтті.
Тұтынушылардың құқықтары электрондық сауда саласында бұзылады. Бұл ретте жосықсыз кәсіпкерлер тарапынан алаяқтық фактілері бар. Кәсіпкерлер үшін электрондық сауданың әлеуеті зор, өйткені біз қарқынды дамып келе жатқан технологиялар кезінде өмір сүріп жатырмыз және қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды пайдаланатын тұтынушылар саны күн сайын артып келеді. Артықшылықтары ретінде шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа инновациялық жобаларды ашу, сондай-ақ бұрыннан бар компанияларды жаңғырту, көлеңкелі айналымды қысқарту, халық пен кәсіпкерліктің құқықтық және цифрлық сауаттылығын жақсартуды атап өткен дұрыс, - деді Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Бимурзаев.