Қаңтардағы тәртіпсіздікке қатысқан азамат 17 жылға сотталды

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, әскери қызметшінің өміріне қол сұғу, сондай-ақ терроризм актісі туралы қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2022 жылдың 5 қаңтарында сотталушы Қ., «А» сауда үйінің алдындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысып, әскери қызметші Т.-ға күш қолданып, оның басқаруындағы «Камаз» маркалы әскери көлігін басып алып, газ педалін кірпішпен тіреп, шегініп жатқан әскери қызметшілер сапына қарай бұрып жіберіп, өзі көліктен секіріп кеткен. Салдарынан жүк көлігі әскери қызметші М-ны басып, ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған, - делінген сот хабарламасында.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, қылмыстық іс материалдарына тіркелген бейнежазбалармен, сондай-ақ сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен дәлелденеді.

Мемлекеттік айыптаушы соттан сотталушыны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің өкілі соттан өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушының адвокаттары оны ақтауды сұрады.

Қылмыс ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады, оны жасағаны үшін ең жоғары жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қоғамдық қауіптіліктің сипаты мен дәрежесін, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, Қ-ны 17 жылға бас бостандығынан айыру, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу туралы үкім шығарылды, - делінген хабарламада.

Терроризм актісі эпизоды бойынша сотталушы ақталды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы