Қаңтардағы автоөндіріс: Машина жасау үлесі рекордтық 47,9%-ға жетті

Қазақстандық АвтоБизнес Қауымдастығы (ҚАБҚ) берген мәлімет бойынша 2023 жылдың қаңтарында Қазақстанда 9 106 көлік шықты, бұл 2022 жылдың алғашқы айымен салыстырғанда 31,6% көп, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның ішінде 8 379 жеңіл автомобиль (+42,2%), 571 жүк көлігі, 107 автобус, 38 тіркеме мен жартылай тіркеме және 11 арнайы техника бар. Ұлттық статистика бюросы автоөндірушілер шығарған барлық өнімнің жалпы құны 101,6 млрд тенге құрағанын анықтады, ал машинажасау саласындағы автоөндіріс үлесі рекордтық 47,9%-ға жеткен.

Негізгі өндіріс көлемі қаңтарда Қостанайда орналасқан Allur («СарыарқаАвтоПром») (4 836 дана) мен Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan (3 584 дана) есебінен артты. СемАЗ 128 коммерциялық техника шығарды. Көкшетаудағы КАМАЗ-Инжиниринг зауыты 77 жүк көлігін құрастырды. Қарағанды облысына қарасты Саран қаласында жұмыс істеп жатқан QazTehna зауыты 69 автобус жасады.

Қаңтарда ең көп автомобиль құрастырған – Hyundai (3 584 дана; +49%) мамандары. Алматыдағы кәсіпорын гаммасында Tucson кроссоверінің үлесі көп (1 393).

Брендтерге келер болсақ, өткен айда 2 133 дана Chevrolet конвейерге тұрды. Allur зауыты Chevrolet Onix моделін шанақ бояу және дәнекерлеу, яғни CKD әдісімен құрастыруға қызу дайындалып жатыр. 

Kia көліктерінің нарықтағы үлесі артып келеді, өндіріс көлемі де ұлғайған. Қостанайда осы маркаға тиесілі 1 536 автомобиль конвейерден түсті. Қаңтарда бренд бестселлері болған Sportage кроссоверінің 710 данасы жарық көрді.

Қаңтарда Jac өндірісі былтырмен салыстырғанда бес есе артты. 2022 жылы 215 автомобиль жасалса, биыл 1136 модель шықты. Оның 759-ы  J7 лифтбэгі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: smkz.kz
Өзгелердің жаңалығы