Қаңтарда заңсыз ұрланған қарулар маусымда табылып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
17 маусымда Алматы қаласында алаңқай жерде 7 граната, оқжатары толық «ИЖ» жарақаттайтын тапаншасы мен оқ-дәрілер жасырылған қаруды заңсыз сақтайтын жер табылған. 21 маусымда Талғар қаласында 130-дан астам оқ-дәрі мен «Калашников» автоматы алынды, - деді Әділов.
Оның айтуынша, 22 маусымда тағы да Алматы қаласында «Калашников» автоматы, 2 аңшылық мылтық, түтікшелері бар «Ф-1» гранатасы, 40 оқ, 2 броньды кеудеше, 2 радиостанция табылды.
25 маусымда Тараз қаласында тұрғын массивіне жақын жерде сәйкестендіру нөмірлері жойылған, «Макаров» жүйесінің бәсеңдеткішті тапаншасы, сигналды револьвер пен пневматикалық тапанша, жарық-дыбыс гранатасы мен әртүрлі калибрлі 60 оқ табылды. 26 маусымда Тараз қаласында "Байкал" мылтығы, «Стример» тапаншасы мен әртүрлі калибрлі 32 оқ табылып алынды, - деді ол.
Әділов атағандай, жүргізілетін түсіндіру жұмысының нәтижесінде азаматтар қарудың 212 бірлігін өз еркімен тапсырды.