Қаңтарда Ұлттық қордан 850 млн АҚШ долларына валюта сатылды

Ұлттық банк қаңтар айындағы валюта нарығы туралы ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаңтар айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 518,2 теңгеге дейін 1,3%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 254 млн АҚШ долларынан 227 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Қаңтар айында Ұлттық қордан 850 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуге, сондай-ақ "Талдықорған-Үшарал" магистральдық газ құбырын салуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді, - делінген ақпаратта.

Ұлттық банк таратқан мәліметке сәйкес, Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 19%-ын немесе күніне шамамен 43 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді.

Ұлттық банк Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша республикалық бюджетке трансферт бөлуге ақпанда Ұлттық қордан 550 млн АҚШ долларынан 650 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.

Ұлттық банк қаңтарда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Ақпанда БЖЗҚ-ға валюта сатып алу жоспарланбайды.

Қаңтар айында Ұлттық банк отандық алтын өндіруші кәсіпорындардан бұрын сатып алынған алтынды сатудан түскен АҚШ долларын ішкі валюта нарығында сату көзделетін теңестіру тетігін ендіруге шешім қабылдады. Осы шешім аясында қаңтарда 244 млрд теңге азайтылды. Ақпанда осы мақсатта баламасында шамамен 250 млрд теңге көлемінде валюта сату күтіледі, - деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы толық ақпаратты ашып көрсетуді жалғастырады. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы