Қаңтарда 184 мың оқушы ҰБТ тапсырды: Ең жоғары нәтиже – 138 балл
Талапкерлердің 75 пайызы тесті қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде тапсырса, 113 адам ағылшын тілін таңдаған.
2026 жылғы қаңтар айында өткен ұлттық бірыңғай тестілеуге еліміз бойынша 184 мыңға жуық талапкер қатысты. Биылғы тестілеу қорытындысы бойынша қатысушылардың басым бөлігі емтиханды қазақ тілінде тапсырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.
Статистикаға сәйкес, талапкерлердің 75 пайызы тесті қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде тапсырса, 113 адам ағылшын тілін таңдаған.
Сандар не дейді?
Нәтиже көрсеткіштеріне келсек, қатысушылардың 68 пайызы шекті балл жинауға қол жеткізді. Бес пән бойынша орташа ұпай 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 138 балл.
Сондай-ақ, тестілеу аяқталғаннан кейін талапкерлерге 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған. Ал техникалық сипаттағы мәселелер тестілеу барысында бірден қаралады.
Қаңтар ҰБТ-сы кезінде шамамен 19 мың өтініш тіркелген. Оның ішінде тек екі бірегей тест тапсырмасы бойынша берілген шағымдар қанағаттандырылды. Республикалық комиссия өз жұмысын аяқтап, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинеттеріне жүктелді.
Қандай пәндер таңдалды?
Пәндік комбинациялар бойынша «Математика–Физика» бағыты ең сұранысқа ие болды – оны 19,2 пайыз талапкер таңдаған. Екінші орында «Биология–Химия» комбинациясы (16,8%). Үшінші орынға 9,8 пайыз талапкер таңдаған шығармашылық емтихан бағыттары кірді.
Инклюзивті білім беру қағидаттарына сәйкес, ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін арнайы жағдай жасалды. Нәтижесінде тестілеуге 446 талапкер қатысты.
Тәртіп бұзғандар болды ма?
ҰБТ өткізу барысында 320 тәртіп бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 198 талапкер тыйым салынған заттарды – смартфон, шпаргалка және өзге де құрылғыларды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді.
Тағы 120 қатысушы аудитория ішінде ережені бұзғаны үшін шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеру барысында екі адамның сертификатының күші жойылды. Басқа адамның орнына кіру фактілері анықталған жоқ.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғанымен, бақылау жұмыстары тоқтамайды. Жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға қосымша талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе өзге де тәртіп бұзушылықтар анықталса, тест нәтижелері күшін жояды.
Қаңтар айындағы тестілеу науқаны білім беру жүйесіндегі ашықтық пен әділдік қағидаттарының сақталуын тағы бір мәрте көрсетті.