Қаңтарда 164 мыңнан астам адам балаға байланысты төлем алды
2026 жылдың алғашқы айында елімізде бала тууы мен бала күтіміне қатысты әлеуметтік төлемдерге қомақты қаражат бөлінді. Мемлекеттік жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы берілген төлемдердің жалпы көлемі 59,2 млрд теңгеге жетті. Бұл қолдау шаралары 164,1 мың азаматты қамтыды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылдың алғашқы айында елімізде бала тууы мен бала күтіміне қатысты әлеуметтік төлемдерге қомақты қаражат бөлінді. Мемлекеттік жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы берілген төлемдердің жалпы көлемі 59,2 млрд теңгеге жетті. Бұл қолдау шаралары 164,1 мың азаматты қамтыды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Бала дүниеге келгенде берілетін қолдау
Қаңтар айында республикалық бюджеттен бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы 28,5 мың адамға төленді. Оған жұмсалған қаржы көлемі 5,6 млрд теңгені құрады.
Бұл төлемді:
- жаңа босанған аналар,
- бала асырап алған азаматтар,
- қамқоршылық рәсімдеген тұлғалар,
- қандастар,
- елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтары ала алады.
2026 жылдың басынан бастап жәрдемақылар 10 пайызға өсірілді. Соған сәйкес төлем мөлшері де артты.
Бала санына қарай біржолғы жәрдемақы көлемі:
- Бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге;
- Төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге.
- 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған төлемдер
Егер ата-ана міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған болса, бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді.
2026 жылдың қаңтарында мұндай төлемді 130,2 мың адам алып, жалпы 4,2 млрд теңге бағытталды.
Ай сайынғы төлем көлемі баланың реттік санына байланысты белгіленеді:
- Бірінші балаға – 24 912 теңге;
- Екінші балаға – 29 454 теңге;
- Үшінші балаға – 33 952 теңге;
- Төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 493 теңге.
Жұмыс істейтін азаматтарға арналған төлемдер
Ресми түрде жұмыс істейтін азаматтар үшін төлемдер МӘСҚ арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдайда төлем көлемі әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа байланысты есептеледі.
Жүктілік пен босануға байланысты біржолғы төлем
Қаңтар айында бұл төлемді 17,4 мың адам алған. Жалпы бөлінген қаржы – 16,8 млрд теңге. Орташа есеппен бір адамға 1 160 626 теңге төленді.
Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа табыс пен демалыс күндерінің санына қарай анықталады.
1,5 жасқа дейінгі бала күтімі үшін әлеуметтік төлем
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бала туған күннен бастап ай сайын төлем тағайындалады. Оның көлемі соңғы екі жылдағы орташа табыстың 40 пайызына тең.
2026 жылдың қаңтарында:
16,5 мың адамға төлем бекітілді;
Жалпы төлем сомасы 32,6 млрд теңге болды;
Орташа ай сайынғы төлем мөлшері 78 294 теңгені құрады.
Егер егіз немесе бірнеше бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке есептеледі.
Жалпы алғанда, 2026 жылдың алғашқы айы мемлекет тарапынан отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жалғасып жатқанын көрсетті. Жәрдемақылардың индекстелуі мен төлем көлемінің артуы — демографиялық саясат пен отбасы институтын қолдаудың нақты қадамы болып отыр.