Қаңтар қырғыны. Шығын көрген Алматы кәсіпкерлерінен 3,5 мың өтініш түскен
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қаңтар қырғыны кезінде кәсібіне шығын келтірілді деген шағыммен 3 592 адамнан өтініш түсті. Оның ішінде 85 өтініш кері қайтарылды. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер Палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов брифингте айтты.
Жиын барысында ол Алматыда ШОБ-ке келтірілген залалды өтеу процесінің барысы туралы баяндады. 23 қаңтар мен 23 ақпан аралығында Infokazakhstan сайтына алматылық кәсіпкерлерден 1572 өтініш келіп түскен. Айлайда өтініштердің кейбірі бірнеше рет қайталанған. Осы себепті Кәсіпкерлер палатасы аудандық әкімдіктермен бірге зардап шеккен кәсіпкерлерді анықтау жөнінде жұмыстар жүргізіп, өтемақы төлеу сомасының қорытындысын шығарған.
Тексерістен кейін 1413 кәсіпкердің өтемақыны алғалы отырғаны анықталды, яғни оларға 34 млрд 316 млн теңгенің қаржысы беріледі. Қазіргі сәтте арнайы комиссиямен 755 өтінім қаралды, олар 2 млрд 29 млн теңгені құрайды. Мемлекеттік бюджетпен 372 өтініш қаралды, ол 1 млрд 274 млн теңге болады, – деді Қошмамбетов.
Мақұлданған өтініштердің 317-і сауда саласынан екен, атап айтсақ зергерлік бұйымдар дүкені, ұялы телефон, киім-кешек және басқасы. Бизнес орталық бойынша 34 өтінім, қоғамдық тамақтану нысандары бойынша 26 өтінім, ломбард – 4, бағалау компаниясы мен лизингті терминалдар бойынша 9 өтінім мақұлданыпты.
Мемлекет басшысының Бизнеске жедел көмек көрсету тапсырмасын іске асыру аясында жеңілдетілген тетік бойынша төлем сомасы 10 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, сондай – ақ өтінімдерді қарау мерзімі екі есеге-1 айдан 2 аптаға дейін қысқартылды, – деді ол.