«Қаңтар қасіреті» бізге сынақ қана емес, үлкен сабақ болды - Президент

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Уақыт – емші» дейді халқымыз. Қасіретті күндер алыстаған сайын біртіндеп көмескі тарта беретіні анық. Қарулы топтардың қалай ойран салғаны да естен шығуы мүмкін. Бірақ, біз ел ішіне жік салғысы келетін арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек. Көшеге шығып, бұзақылық жасаған адамдарды дәріптеп, қолдан қаһарман жасауға болмайды. Қастаңдық ұйымдастырған қарақшылардың қылмысын ақтауға жол берілмейді,- деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ол қылмыскерлердің бәрі лайықты жазасын алғанын айтып өтті. 

Бірақ, қылмыскерлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандар да бар. Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай, Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені, кешірім – ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдер кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады. Бұдан былай мұндай қасірет қайталанбайды деп сенемін. Сол үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қайғылы күндерде қаза болған жандардың жақындарына тағы да көңіл айтамын,- деді Мемлекет басшысы.

 Ол сын сағатта антқа адал болған құқық қорғау және күштік құрылымдардың қызметкерлерін ерекше атап өтті.

Қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге қала тұрғындары да атсалысты. Осындай жанашыр азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. «Қаңтар қасіреті» бізге сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін жұртымыз жете түсінді. Ал, қоғамға іріткі салуды көздеген қарақшылардың, лаңкестердің мақсаты орындалған жоқ. Керісінше, халқымыздың бірлігі нығая түсті. Ұйысып, жан-жақты жаңғыру жолына қадам басты,- деді Мемлекет басшысы. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы