Қаңтар оқиғасының түпкі себебіне үңілуіміз керек – ҚазҰУ профессоры
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын баса назарға алып, қаңтар оқиғасының түпкі себебіне үңілуіміз керек. Мұндай пікірді ҚазҰУ профессоры Аманжол Қалыш айтты.
Cоңғы уақытта елімізде болған ауыр оқиға кім-кімге болсын оңайға соққан жоқ. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Осы болған жайттарға «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып ұйымдасып, ғылыми талдау жасауымыз қажет. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын баса назарға алып, қаңтар оқиғасының түпкі себебіне үңілуіміз керек. Халықтың әлеуметтік деңгейін көтеріп, табысын жоғарылату – бүгінгі күннің басты мәселесі. Батыс өңірінде басталған бейбіт шеру жаппай күллі өңірлердің де үн қосуына ұласты. Соңы баршамызға белгілі болғандай, арандатушылар мен террористердің ықпалында қалды, - деді ол.
Археология, этнология және мұражайтану кафедрасының профессоры пайдалы қазбаларға бай елде өмір сүріп жатқан әрбір қазақстандық жақсы өмір сүруге лайық деп есептейтінін айтты.
Қазынаның үстінде отырған Қазақстанның әрбір азаматы бақуатты өмір сүруге лайық деп есептеймін. Ол үшін бәріміз төрт құбыламыз түгел, жұдырықтай жұмылып, бірлікте жұмыс істеуіміз керек. Қитұрқы арандатушылар мен терроршылардың мақсаты – елді бірлігінен ажырату. Билік пен халықтың арасы алшақтап кетті. Тарихқа қарап сабақ алатын болсақ, бұның ақыры революциямен аяқталған. Басты мақсат ел мүддесі болу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде елдік мәселелерді көтеріп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Бүгінгі қиын-қыстау заманда әлдебір саяси ойындардың құрбанына айналып кетпеу үшін Президентіміздің алдағы болашаққа қатысты жоба-жоспарлары мен реформаларын ел болып қолдау – баршамыздың міндетіміз, - деді профессор.