Бүгiн 2026, 11:23 Фото: Polisia.kz

Қаңтар оқиғасында жоғалған 120 қару табылды

Қазақстанда бес айда 1200-ден астам заңсыз қару тәркіленді.

Қазақстанда жыл басынан бері заңсыз қару айналымына қарсы жүргізілген шаралар нәтижесінде 1200-ден астам қару тәркіленді. 

Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті нығайту және заңсыз қару айналымының жолын кесу бағытындағы кешенді жұмыстарды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, биылғы бес ай ішінде өткізілген «Қару» және «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында қылмыстық айналымнан 1200-ден астам қару алынған.

Тәркіленген қарулардың қатарында 18 автомат, екі гранатаатқыш, 320-дан астам тапанша, 100-ден астам ойық ұңғылы қару және 700 тегіс ұңғылы мылтық бар. Сондай-ақ олардың арасында Қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған 120 қару анықталған.

ІІМ мәліметінше, мамыр айында Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелмеген бірнеше қару тәркіленген. Олардың бір бөлігі Қаңтар оқиғалары кезінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланған болып шыққан.

Сонымен қатар 20 сәуірден бастап елімізде халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы жүргізілуде. Акция жыл соңына дейін жалғасады.

ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, бүгінгі күнге дейін азаматтар өз еркімен шамамен 750 түрлі қару мен 4 мыңға жуық оқ-дәріні тапсырған.

Министрлік заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды.

Ведомство өкілдері азаматтарды заңды негізсіз сақталған қару-жарақты тапсырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосуға шақырды.

Бұған дейін полицейлер Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 1461 қару қайта алынғанын хабарлаған еді.