Қаңтар оқиғасы. Тәртіпсіздіктерде ұрлық жасағандар ұсталып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
Мысалы, Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктер барысында 5 адамнан құрылған топ полиция қызметкерлерінің арнайы құралдарын және қаланың 4 дүкенінен әртүрлі тауарларды жымқырған. Жедел іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері күдіктілердің біреуі тұратын мекенжай бойынша полицейлердің қалқандары, 2 электр самокат, 2 теледидар, 3 ноутбук, компьютер техникасы мен жаңа брендті киім-кешек алынды, - деді ол.
Әділов атап өткендей, күдіктілерден сатуға дайындалып қойылған «пироллидин» есірткі заты салынған 76 орам табылып алынды.
Осы эпизодтың барлық қатысушысы анықталды және соттың санкциясымен күзетпен ұстауға алынды. Тағы бір мысал, 6 қаңтарда Алматы қаласында Түркістан облысының 2 тумасы банкоматты бұзып алып, 1 млн теңгеден артық ақша ұрлаған. Бейнежазбалар мен тергеу әрекеттері күдіктілердің кінәсін дәлелдейді, - деді ол.
Санжар Әділов 8 қаңтарда Түркістан облысында бұрын ұрлық және тонау үшін сотталған 2 жергілікті тұрғын ұсталғанын айтты.
Олар 5 қаңтарда Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктер барысында «Технодом» сауда үйінен 5 «Canon» фотоаппаратын, «Acer» ноутбугін, 3 «Iphone 12» және «Самсунг» ұялы телефонын, ер адамдарға арналған заттарды және Алматы қаласында Төле би көшесіндегі «Зергерлік бұйым» дүкенінен 11 зергерлік әшекейді (маржанмен безендірілген 6 жүзік, 2 сырға, алтын түйреуіш, шынжыр мен білезік) ашық түрде ұрлаған. Күдіктілер күзетпен ұстауға алынды, - деді ол.