Қаңтар оқиғасы, тарихи жыл, әділетті Қазақстан. Қошанов Мәжілістің жұмысын қорытындылады

Бүгін Мәжілісте 2022 жылғы қорытынды жалпы отырыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгін Парламент Мәжілісінің биылғы қорытынды жалпы отырысы өтіп жатқанын айтып, Палатаның жұмысын қорытындылады.

2022 жыл шын мәнінде сындарлы әрі тарихи мезгіл болды. Өткен бір жыл ішіндегі оқиғалар мемлекеттің, қоғамның болмысы мен табиғатын түбегейлі өзгертті десек, артық айтқандық емес. Жыл басындағы «қаңтар оқиғасы» бәріміз үшін ауыр сынақ әрі сабақ болды, - деп айтты төраға.

Қошанов атап өткендей, сол сынақтарға жауап ретінде, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елде кең көлемді әрі батыл саяси реформаларды қолға алды. 

Бұл оң өзгерістерді Жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыздың қызу қолдағанына бәріміз куәміз. Қарашада өткен Президент сайлауындағы Қасым-Жомарт Кемелұлының әділ, таза әрі күмәнсіз жеңісі – халқымыздың сол қолдауының айқын көрінісі. Себебі, бүкіл қоғам бұл өзгерістердің әділет үшін, болашақ үшін ауадай қажет екенін жан-жүрегімен сезініп отыр, - дейді ол.

Мәжіліс спикері қазіргі уақытта ел азаматтарының ертеңгі күнге деген үміті оянып, сенімі артып келе жатқанына тоқталды.

Ең бастысы, біз осы сенімді жоғалтып алмауымыз керек! Халқымызда «Әділеттің жолы – ауыр» деген сөз бар. Бірақ біз береке-бірлігіміздің арқасында қандай қиын жолды да абыроймен еңсереміз деп сенемін, - деп айтты Ерлан Қошанов.

Ол Парламент Мәжілісінің депутаттары да ерен еңбек еткенін атап өтті.

Қошанов атағандай, биыл Мәжіліс көптеген заңнамалық жұмыстарды атқарды. Ең алдымен конституциялық түзетулер блогы қабылданды. Әлеуметтік маңызы зор бірқатар заң қабылданды. Олардың ішінде бала құқықтарын қорғау, мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту, қаржы пирамидаларына қарсы тұру, рақымшылық жасау және т.б. Сөзінше, биыл Мәжілістің жұмысында 154 заң жобасы болды.

Алғаш рет Мәжіліс қабырғасында «қаңтар оқиғасын» тергеу барысының алдын ала қорытындысын ашық түрде тыңдадық. Тәуелсіз Қазақстан тарихының ең бір қайғылы парағына айналған қанды оқиғаның жай-жапсарын талдап-талқылау жалғаса бермек. Бұл күрделі мәселе депутаттардың ұдайы назарында болады. Жаңа жыл басындағы алғашқы жиындардың бірінде оған тағы да арнайы ораламыз, - деді Мәжіліс спикері жалпы отырыста.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы