Қаңтар оқиғасы: Рақымшылықтан соң халық көңілі түзеле ме?
Рақымшылықты ақтаумен шатастырмау керек. Рақымшылық тек өз кінәсін мойындағандарға жасалатын механизм. Бұл пікірді Халықаралық сарапшы Риззат Елубаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қоғамда қаңтардың жарасы әлі жазылған жоқ. Бүгінгі таңда рақымшылық жасау туралы шешім қабылданды. Бұл шешім осы мәселені жұмсартады деген ойдамын. Өйткені «қаңтар оқиғасы» - биыл қоғамды дүрліктірген қасіретті оқиға. Қаңтар кезінде өз еркімен немесе абайсызда, мақсатты түрде қатысқандардың тағдыры не болмақ деген сұрақ көпті алаңдатқан еді, - деді саясаттанушы.
Бүгінгі таңда қаңтар оқиғасына қатысты 5 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық істер бойынша 1600 азамат жауапқа тартылды.
Бүгінгі таңда рақымшылыққа 1,5 мыңға жуық азамат ілінбек. Жалпы, рақымшылықты ақтаумен шатастырмау керек. Себебі, көбі бұл мәселеге қатысты қате пікір қалыптастыруы мүмкін. Рақымшылық - өз кінәсін мойындаған азаматтарға жасалатын механизм. Соңғы Жолдауында Президент қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы айтқан еді. Кейін Парламентте қызу талқыланып, бүгінгі таңда рақымшылық туралы заң жобасы әзірленді. Оны дайындауға белгілі заңгерлер мен сарапшылар атсалысты, - деді Елубаев.
Айтуынша, рақымшылықты әділеттікке апарар жолдағы ең кішкентай қадамның бірі ретінде қабылдау керек.
Жақсы шешім деуге болады. Өйткені Әділетті Қазақстанды құру аясында әділетті шешім болды. Яғни, мұны әділеттікке апарар жолдағы ең кішкентай қадамның бірі ретінде қабылдау керек. Заң күшіне еніп, оны іске асыру жұмысы басталады. Азаматтардың 60 пайызға жуығын босату көзделіп отыр. Қалғандары ендігі жылдың басына дейін босатылмақ. Бірақ халықтың көңілі бұдан қайтпайтыны түсінікті. Себебі, қаңтар оқиғасына саяси әрі тарихи нақты баға берілген жоқ. Рақымшылық туралы шешім осы бір баға беруде септігін тигізер деген ойдамын, - деді сарапшы.