Қаңтар оқиғасы. Рақымшылыққа іліккендерге көмек көрсетіледі

Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында депутат Ләззат Сүлеймен мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сенатор «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасына қатысты түсіндірді.

Заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталып өтейін. Жасалған қылмыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – Қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы Президенттің шешімі, - деп атап өтті сенатор.

Айтуынша, бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімдерін қысқарту көзделген.

Ауыр қылмыстар үшін – сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін – мерзімінің жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады. Жалпы рақымшылық 1500-дей адам қамтиды. Негізінен олар – заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлік, өртеу жасағандар. Бұл тұлғалар сотпен жазаның неғұрлым жеңіл түріне тартылуда. Яғни гуманизм қағидасы қылмыс жасаған адамдарға осыған дейін де қолданылды. Сонымен қатар заң жобасымен босатылатын адамдарды әлеуметтендіру көзделеді. Бұл бағытта уәкілетті органдардың бұрын өткізілген рақымшылықтар барысында жинақтаған тәжірибесі бар. Соған сәйкес тиісті жұмыс атқарылады, - деді Ләззат Сүлеймен.

Сонымен қатар ол рақымшылық кімдерге қолданылмайтынына тоқталып өтті. 

Бұл санатқа террористер, экстремистер, рецидивистер, азаптау жасағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, мемлекетке опасыздық жасағандар жатады. Бұл Заң жобасының өз ерекшеліктері де бар. Бұрын болған рақымшылық кезінде айыпталушы міндетті түрде келтірілген шығынды өтеуі тиіс еді. Бұл жолы келтірілген залал өтелген соң ғана рақымшылық жасалады деген талап қойылмайды. Алайда мүлік иесі материалдық шығынды сот арқылы азаматтық-құқықтық тәртіпте өндіріп алуға құқылы, - деді депутат.

Бұған дейінгі қалыптасқан тәжірибе бойынша бас бостандығынан айыру мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамға рақымшылық жасау үшін міндетті түрде оның жүріс-тұрысы ескерілетін. Жазаны өтеу тәртiбiн қасақана бұзушы сотталған адамдарға рақымшылық қолданылмайтын. Ал ұсынылып отырған заң жобасында ондай талаптар жоқ. Бұдан басқа алдағы уақытта Қаңтар оқиғасындағы қылмыстар ашылатын болса және осы заң жобасында көзделген баптарға сәйкес соттылық болған жағдайда ол бойынша рақымшылық жасалынады.

Қаңтар оқиғасы еліміз үшін нағыз сынақ болды. Сондықтан бүкіл қоғам болып одан оң қорытынды шығаруға тиіспіз деп ойлаймын. Болашақта ондайды қайтып болдырмау біздің парызымыз. Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған тапсырмасы да сол. Сонымен қатар үгіттеушілердің арбауына еріп, қателік жасағандарға гуманизм танытып, оларға бір жолғы рақымшылық жасау арқылы қаңтар оқиғасынан сабақ алу қажет. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкелмейді және республикалық бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздемейді, - дейді ол. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы