Қаңтар оқиғасы. Қылмыстық іс қашан аяқталады? – депутат Бас Прокурорға сауал жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Amanat партиясы фракциясының мүшесі, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі Жанарбек Әшімжан Бас Прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады.

Жанарбек Әшімжан депутаттық сауалын өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында жолдаған болатын.

​Депутат атағандай, жыл басындағы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне «Қаңтар қасіреті» деген атпен енген тағдырлы кезеңнің болғанына көп уақыт өткен жоқ. Әрине, бұл Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихындағы ең бір ауыр және мемлекеттік құрылымға да сын-қатер төнген аса қиын шақ болғаны даусыз.

Қираған ғимараттар мен техникаларды, стратегиялық нысандарды өз көздерімен көрді. Мен қаңтардың қаралы күндері ең ауыр жағдайларды бастан кешкен Алматы облысы мен Алматы қаласында болып, Мәжіліс депутаты ретінде қалың бұқарамен және істі болып жатқандардың туыстарымен арнайы кездестім. Абақтыда жатқандардың ата-аналарының талаптары бойынша Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында болып, жастармен де жүздесіп, сөйлестім. Себебі – істі болып жатқандардың ата-аналары, туыстары тарапынан «тергеу изоляторларында нағыз азаптаулар, қылмысты күшпен мойындатудың адамтөзгісіз түрлерін қолданып жатыр» дегенді алға тартты. Бүкіл камераларды аралап, әрқайсымен жеке-жеке сөйлесіп, көз көріп, көңіл сенген жағдайларды көңілі алаң болып отырған туған-туыстарына жеткіздім. Дәл осындай кездесулерді әріптестеріміз Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында да өткізген болатын, - деп айтты Жанарбек Әшімжан.

Оның сөзінше, осы күндерде түрлі әлеуметтік желілерде елдің көңіліне қаяу түсіретін сантүрлі ақпараттар ағыны тасқындап тарап жатыр.

Қоғам негізгі ресми ақпаратқа қол жеткізе алмаған сәтте, сөзсіз аңыз-шыны аралас алыпқашпа дүниелер алдыңғы қатарға шығады. Ал сол елдің құлағын елу қылған ресми емес ақпараттар елдің арқасын аяздай қарып, халық ішінде түрлі қауесеттердің ошағын маздатты. Бұл дәлелденбеген фейк ақпараттарды өз мақсатына пайдаланып, ұпай жинағысы келген ішкі және сыртқы күштер де болмай қалған жоқ. Дәл қазір тергеу ісі жүріп жатыр. Түсінеміз, тергеу ісінің өз процесі бар. Алдағы уақытта сот үкімі де кезең-кезеңімен шыға жатар. Алайда арада екі ай уақыт өтсе де қоғам сол қасіретті оқиға туралы неге бастапқы ақпараттарға қол жеткізе алмай отыр? Бұл – ең бірінші кезекте мемлекеттік төңікеріске жасалған қадам деген сөз айтылды. Ал елдіктің тамырына балта шабуды көздегендердің көшіне ілесіп, еліміздегі ірі қалалардағы әкімшілік орындары мен бизнес нысандарына, күштік құрылым ғимараттарына шабуылдағандар кімдер? - дейді Әшімжан сауалында.

Депутат атағандай, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар, қару ұрлағандар кімдер? Қанша адам жәбірленді? Жапа шеккен кәсіпкерлер мен зәбір көрген азаматтарға толыққанды көмек көрсету үдерісі қашан аяқталады? Арандаған кімдер? Арандатқан кімдер? Өртеніп жатқан ғимараттарға бас-сирағын үйтіп жүргендер кімдер? Изоляторлардағы жатқандардың жай-күйі қалай? Олардың құқы қай деңгейде сақталуда? Қылмыстық іс қашан аяқталады? Сотқа қашан жіберіледі? Жалпы сол күндері қандай жағдай орын алды?

​Міне, дәл осы күндері қоғам тарапынан қойылған осы сұрақтар әлі күнге дейін ашық күйінде тұр. Осы сұрақтардың бәріне бүкпесіз, ашық жауап берілу керек. Уақыт ұзаған сайын сенім сетінеп, күдіктің тұманы қалыңдай береді. Сондықтан тиісті күштік құрылымдар, мемлекеттік орган басшылары жеделдетіп Мәжілістің төріне келіп, оқиғаға байланысты осы және басқа да сауалдарға ашық және анық, бетпе-бет жауап беруі керек. Бұл – халықтың, қоғамның талабы! - деп айтты ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы