Қаңтар оқиғасы: Құқық қорғау органдарының 29 өкілі күдікке ілінді
Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істер бойынша құқық қорғау органдарының 29 өкілі күдікке ілінді. Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов осылай деп мәлім етті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Мәлімдеуінше, Талдықорған және Алматы қалаларында тергеудің заңсыз әдістерін қолдану дерегі бойынша 8 полиция қызметкеріне қатысты екі қылмыстық іс сотқа жолданды.
Құқық қорғау және арнайы органдардың 29 қызметкері күдікті деп танылды, оның 8-і сотта, 20-сы іс материалдарымен танысу сатысында және біреуі тергеліп жатыр, - деп мәлімдеді Елдос Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін қаңтар оқиғасында бүлік шығарып, қамауға алынғандар арасында экстремистік ағымның 46 азаматы бар екенін жазған едік.
Қамауға алынғандардың арасында 46 тыйым салынған экстремистік ағымдардың мүшелері бар. Барлық қамауға алынғандарға қорғалу құқығы, санитарлық нормалар, тамақтану, дәрі-дәрмектер және ұстаудың тиісті жағдайлары қамтамасыз етілуде. Жеке мәліметтерін және денсаулық жағдайын сипаттайтын факторларды ескеріп, 284 адамның қамауға алынуы, ешқайда кетпеу туралы жеке кепілдікке, үйқамаққа ауыстырылды, - деді спикер Орталық коммуникациялар алаңында өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.