Қаңтар оқиғасы. Қанша адамға рақымшылық жасалады?

Бас прокуратура «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы бойынша реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Қаңтардағы оқиғалар» бойынша  іс жүргізуде 391 қылмыстық іс бар (рақымшылық жасауға жататындар).

Олар бойынша 383 күдікті, айыпталушы болып өтуде. (бұлтартпау шаралары бойынша: ешқайда кетпеу туралы қолхат – 153, күзетпен ұстау – 147 адам, үйқамаққа алу – 24, кепіл – 19, жеке кепілгерлік – 2, бұлтартпау шарасы таңдалмады – 28, іздеуде – 10). Соттың іс жүргізуінде 102 адамға 36 іс бар. Сотталғандар-1 035, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеушілер-93; пробацияда-930; 3 айыппұл тағайындалды; қоғамдық жұмыстар-9; түзеу жұмыстары-0, - делінген құжатта.

Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға, олардың соттылығын алып тастап, рақымшылық жасау көзделген.

Қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан толық босату ұсынылады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін.

Заң жобасының күші мемлекетке опасыздық жасауға байланысты қылмыстар жасаған; жаппай тәртіпсіздіктерді, сыбайлас жемқорлық қылмысты, террористік қылмысты, экстремистік қылмысты, азаптауды ұйымдастырған, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға қолданылмайды, - делінген құжатта.

Мемлекет басшысы Жолдауында  ереуілге қатысқандар сот әділ өтетініне үміттеніп отырғанын айтқан болатын.

Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым. Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды. Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз, - деген еді Президент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы