Қаңтар оқиғасы. Полицейлер ешқандай күш қолданбады – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов полицейлер «қаңтар оқиғасы» кезінде қалай жұмыс істегенін айтты.

Ол қаңтар оқиғаларының алғашқы күндерінде полицейлер «Бейбіт жиналыстар туралы» заң шеңберінде жұмыс істегенін айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл жағдай құқықтық тұрғыда қаралды. «Бейбіт жиналыстар туралы» заңға сәйкес өз талаптарын ашық түрде мәлімдеу бойынша азаматтардың құқықтары сақталды.Барлық аймақтарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Көтерілген мәселенің нақты шешімдері ұсынылды. Бірақ, өкінішке қарай, араға арандатушылар қосылды. Нәтижесінде, бейбіт жиналыс заңсыздыққа ұласты, - деді министр.

Ахметжанов атағандай, авто және теміржолдар жабылды. Вокзал мен әуежай қызметтеріне тосқауыл қойылды. Қызметтік автокөліктер өртелді.

Мемлекеттік органдардың ғимараттары қоршалды. Заңды талаптарға бағынбай, қарсылық көрсетілді. Соның өзінде, полиция ешқандай күш қолдану шарасын қолданған жоқ. Бұл жағдайды пайдаланып, мыңдаған бүлікшілер полицияға шабуыл жасады. Олардың жоғары деңгейдегі дайындығы және ұйымшылдығы байқалды.  Әрекеттері нақты тәртіппен ұйымдастырылған. Темірлер, тастар, таяқтар және тағы басқа құралдар іске қосылды. Осыған орай, шұғыл түрде азаматтар мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында жаппай тәртіпсіздікті тоқтату қажет болды, - деп айтты ІІМ басшысы.

Оның айтуынша, тек осы сәттен бастап полиция қызметкерлері адамның өміріне қауіп төндірмейтін арнайы құралдармен жабдықталды. Алайда, бүлікшілер бұнымен тоқтаған жоқ.

Олар қару-жарақ дүкендеріне, полиция бөлімдеріне, басқа да мемлекеттік органдарға шабуыл жасады. 2 800-ден астам қару мен оқ-дәрілер ұрланды (2891). Қаржы ұйымдарын, банктерді, сауда орталықтарын, дүкендерді тонады. Нәтижесінде, 1 700 азамат пен бизнес субъектілері зардап шекті. Жалпы шығын сомасы 100 млрд теңгеден асты. Өкінішке орай, 19 қызметкер қаза тапты. 3 мыңнан астам полиция мен әскери қызметшілер жарақат алды, - деп түсіндірді министр Мәжілісте.

Оның мәліметіне сәйкес көптеген қызметкер әлі де ем алуда. 

Біразы денсаулықтарына байланысты болашақта қызметтерін жалғастыра алмайды. Сондықтан, қызметкерлер төтенше жағдай және терроризмге қарсы операция аясында қару қолдануға мәжбүр болды, - дейді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы