Қаңтар оқиғасы. Өткенге шолу

238 адам, оның ішінде 19 құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаза тапқан қаңтар оқиғасынан бері бір жылға жуық уақыт өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2022 жылдың басында еліміз үшін үлкен сынақты басынан өткерді. Бүгін қаңтар оқиғасы қалай басталып, одан кейін қандай өзгерістер болғанын еске түсіреміз.

Саясаттанушылар айтып жүргендей, 2022 жылдың қаңтар айында болған оқиға елдегі жағдайға қатты әсер етті. Ол саяси, заңнамалық, экономикалық өзгерістерге алып келді. 

Көпшілік қаңтар оқиғасына бірнеше себеп келтіреді, оның ішінде азық-түлік бағасының қымбаттауы, Президент тапсырмаларының баяу орындалуы және бұрынғы жүйеге қызмет еткен адамдардың әлі де билік басында көптеп отыруын айтады.

Қаңтар оқиғасы қалай басталды?

Жаңаөзеннен басталған наразылық әлеуметтік мәселенің шешілмеуінен болғаны белгілі. Жаңа жылдан бастап газ бағасының бірден 120 теңгеге көтерілуі халықты еріксіз алаңға шығаруға мәжбүр етті. Оған Маңғыстау облысының өзге өңірлері де қосылды. Президенттің тапсырмасы бойынша арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, өңірге вице-премьер Ералы Тоғжанов барды. Алаңға жиналған халық сұйытылған отынды арзандату туралы талап қойды. Митинг бірте-бірте еліміздің өзге аймақтарына жайылды.

4 қаңтарда Атырау, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстары мен Семей қаласында алаңға жиналғандар әкімдіктер мен құқық қорғау органы ғимараттарын басып алды. Әр өңірде алаңға жиналғандар саны 500-ден 4 000-ға дейін жетті. Басқа облыстарда да осындай жағдайлар болды. Кінәсіз адамдар, оның ішінде тәртіп сақшылары мен әскерилер соққыға жығылды.

Әсіресе Алматыдағы ахуал күрт шиеленісті. Алаңға шыққан бейбіт халықтың наразылығын өзге топтар пайдаланып кетті. Қаскөйлер әкімдікпен қатар телеарналарға кіру үшін қарулы шабуыл жасады. Алғашқы қақтығыста сақшылар мен әскерилер қарсы тұрды. Бірақ 5 қаңтарда толқу қайта басталды. Бұл жолы 20 мыңдай адам жиналып, Алматының ортасында ойран салып, әкімдікті өртеп жіберді. Олар ғимараттарды қиратып, полиция автокөліктерін өртеп, жан-жақтан өрт қоя бастады. Қаладағы 9 қару-жарақ дүкені тоналып, оқ-дәрілер қолды болды.

Қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Маңғыстау облыстарында төтенше жағдай жариялады.

Қираған қала мен зақым көрген бизнес

Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адамның қаза тапқаны айтылды. Оның ішінде балалар мен әйелдер де бар, 19-ы құқық қорғау қызметкері.

Қаңтар трагедиясы кезінде Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей және басқа да қалаларда 1 466 нысан бүлінген. Оның ішінде – 71 мемлекеттік мекеме, дәлірек айтқанда, 12 әкімдік ғимараты, 27 полиция бөлімшесі. Оған қоса 1 395 бизнес нысаны бүлінген. ІІМ-нің мәліметінше, 700 көлік қираған. Оның ішінде жекеменшік авто, жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру мен қызмет көліктері бар.

Жалпы қаңтар оқиғасы бойынша 3 770 қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен Ұлттық қауіпсіздік органы мен полиция қызметкерлерінің ұсталғандарды азаптау, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактілері де тіркелді. Ол бойынша 243 іс қаралды.

Интернетсіз Қазақстан, карточкасыз және QR-сыз төлем, ҰҚШҰ, тыныштық орнаған Қазақстан

Бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласып, Алматыда мылтық дауысы естіліп, белгісіз біреулер алаңдағы әкімдік ғимаратын өртеді. Сол кезде телеарналар мен радиостанциялар орналасқан ғимарат та зақымданды.

Алматыдағы басып алынған нысанның бірі – әуежай болды. 

5 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметіне кіріскенін мәлімдеді. Дәл осы күні Талдықорғанда наразылық білдірушілер Назарбаевтың ескерткішін бұзды.

6 қаңтарда Мемлекет басшысы ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Кейін Қазақстанға келген ҰҚШҰ әскерлері «бітімгершілік миссиясымен» қызметке кірісті. Елде интернет жұмысын тоқтатты. Еліміздің солтүстігі мен шығысында ғана тыныштық болды. Қазақстандықтар қолма-қол ақшаның не екенін есіне алды, себебі интернеттің жоқтығынан картамен немесе QR-код арқылы төлеу мүмкін болмады. Банкоматтарда кезек жиналып, кейбір екінші деңгейлі банктердің банкоматтарында ғана қолма-қол ақша болды. Сондай-ақ интернеттің жоқтығынан пойыз билеттерін тек вокзалдардағы кассалар арқылы қайтаруға мүмкін болды.

Бас кеңсесі Алматыда орналасқан радиостанциялар автоматты режимде жұмыс істеді, яғни олар жаңалықтар мен бағдарламаларды шығармады, тек музыка ғана қойды. Ақпараттарды мемлекеттік телеарналар мен Астанадан хабар тарататын бір мемлекеттік радиостанция ғана таратты.

7 қаңтарда елдегі конституциялық құрылыс қалпына келтірілді деген алғашқы ресми хабарлар пайда болды, ал келесі күні, яғни 8 қаңтарда ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің қамауға алынғаны белгілі болды. Оның соты қараша айында ғана басталды, іс мемлекеттік құпияға байланысты болғандықтан жабық күйде қаралып жатыр. 

Наразылық акциясы Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында аяқталды, басқа облыстарда да жағдай тұрақтанды, құқық қорғау органдары ерекше көзге түскен қылмыскерлерді ұстау шараларын жүргізді.

Қаңтар айының оныншы күні Жалпыұлттық аза тұту күні қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқандарды еске алды, ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыскерлер митингтерге қатысушылармен жасырынып, жеке байланыс арнасы арқылы келіссөздер жүргізіп, полиция мен әскери киім киіп жүргендерін айтты. Тоқаев барлық жағдайды мемлекеттік төңкеріс әрекеті деп бағалады.

11 қаңтарда Үкімет қайта тағайындалды, шенеуніктердің көпшілігі министрлік лауазымдарын сақтап қалды. Әлихан Смайылов Премьер-министр лауазымына тағайындалды. Президент «Қазақстан халқына» қорын құрды. 

12 қаңтарда Тоқаев Алматыға келіп, онда өткен жиында қаланың лаңкестер мен қарақшылардан тазартылғанын хабарлады.

Халық осы оқиғадан сабақ ала білуі керек

Өкінішке қарай, бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз. Қазақта «өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар. Біздің парызымыз - қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содыр мен лаңкесті жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуіміз керек. Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарап жатыр. Бұл ахуал жалған түсінікті қалыптастырып, елді адастырады. Сондықтан өткен оқиғалар туралы нақты мәліметті жариялап, оған баға беру өте маңызды, - деп атап өтті Тоқаев наурызда халыққа жолдаған Жолдауында.

Қаңтар оқиғасы. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр

14 желтоқсанда ОКҚ алаңында баспасөз конференциясын өткізген Бас прокуратура құқық қорғау органдары барлығы 5 мыңнан астам қылмыстық істерді тіркеді. Тергеу кезеңінде 4,5 мың сараптамалық зерттеулер жүргізілді. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу және ұйымдастыру фактісі бойынша 131 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Осы қылмыстарды жасағаны үшін 931 адам күдікті деп танылды, 96 адам қамауда, 471 адам сотталды, - деп айтты Бас прокуратураның өкілі Елдос Қилымжанов. 

Сонымен қатар ол тергеу барысында бүлік кезінде қандай құралдардың қолданылғанын атап өтті. 

Тергеу барысында бейбіт азаматтар мен полицейлерге қатысты зорлық-зомбылық жасау үшін импровизацияланған құралдарды ұйымдастырылған тасымалдау жүзеге асырылғандығы анықталды. Мысалы: арматура, таяқтар, төсеніштер, тастар, Молотов коктейльдері, сондай-ақ ғимараттарды өртеу үшін автомобиль шиналары мен бензин жеткізілді, - деді Елдос Қилымжанов. 

Оның сөзінше, төтенше жағдай, полиция, жедел жәрдем, басқа да мемлекеттік қызметтердің 345 қызметтік автокөлігі және 116 азаматтық автокөлік жойылып, зардап шекті. Нәтижесінде 16 медицина, 34 өртке қарсы қызмет және 8 құтқару қызметінің қызметкерлері дене жарақатын алды.Қылмыскерлер бейбіт тұрғындарды оларға қосылуға, такси жүргізушілерін, ауыр көліктер мен автобустардың жүргізушілерін көшелерді жауып тастауға мәжбүрлеген.

Айтуынша, ұрлық фактісі бойынша 2 645 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Осы қылмыстар үшін 484 тұлға күдікті деп танылды, 2 адам қамауда, 460 адам сотталды. Ойрандар мен тонау Алматы қаласында орын алды. Онда «Азия паркі», «Променад», «Мәскеу», «ЦУМ», «Домиллион» СОО, «Магнум» дүкендер желісі, Sulpak, «Технодом», «Тойота орталығы» дүкендері тоналды. Талдықорған қаласында «Фора», «ЦУМ» сауда үйлері, «Технодом», «Сулпак» электроника дүкендері,  «Смолл» супермаркеті, Жетісу облысының Қарасай ауданында «Молл Апорт» СОО, «Алтын Орда» базары тоналды. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде бизнес субъектілеріне 92 млрд теңге сомасында залал келтірілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы