Қаңтар оқиғасы кезінде жетпістен астам мемлекеттік мекеме қираған
Бұл туралы Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бас прокуратура өкілі Қаңтар оқиғасы кезінде қандай ғимараттарға шабуыл жасалғанына тоқталды. 5 қаңтардың бір күнінде сағат 6.00-ден 23.00-ге дейін Алматы қаласындағы ғимараттарға: қала әкімдігіне, Резиденцияға, әуежайға, «Хабар», «Қазақстан», «Мир 24» телеарналарының кеңселеріне және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасы ғимаратына шабуыл жасалды. Шымкент қаласында қала әкімдігінің ғимараттары, «Көрме» орталығы, «Түркістан Сарайы» мәдениет үйі, Ж. Шанин атындағы драма театры, әл-Фараби және Қаратау аудандарының полиция бөлімдері, Абай аудандық прокуратурасы зақымданды, - деп атап өтті Елдос Қилымжанов.
Сонымен қатар ол тағы қай қалалардың ғимараттары бүлінгенін айтты.
Тараз қаласында облыс және қала әкімдігінің, полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің, қалалық бөлімдер мен полиция басқармасының ғимараттары зақымданды. Талдықорған қаласында облыс және қала әкімдіктерінің, облыс әкімінің резиденциясы, полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттері, қалалық бөлімдер мен полиция басқармаларының ғимараттары зақымдалып, басып алынды. Қызылорда қаласында қалалық полиция басқармасының ғимаратына қарулы шабуылдар жасалып, облыстық және қалалық соттардың ғимараттары басып алынып, өртенді, - деді Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары.
Белгілі болғандай, басқа қалаларда 1 466 ғимарат пен мекеме, оның ішінде 1 395 бизнес нысаны және 71 мемлекеттік мекеме қираған.