Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар сақталған орын Тараздан табылды

Таразда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар сақталған орын табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

25 қаңтарда Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел ақпаратты жүзеге асыру барысында тағы да қару-жарақ жасырылған құпия орынды анықтады. Тараз қаласының аумағындағы Арай алқабында арықты жағалай өскен қамыс арасынан қаңтар оқиғасы кезінде облыстық полиция департаментінің ғимаратынан ұрланған Hatsan Escort PS 12 мм калибрлі бір ауызды тегіс ұңғылы мылтық және бір ауызды 12 мм калибрлі Maverick тегіс ұңғылы мылтығы, 16 мм калибрлі ИЖ-18 бір ауызды тегіс ұңғылы шолақ мылтық табылды.

Polisia.kz хабарлауынша, қазіргі таңда аталған дерекке қатысты  ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды. 

Айта кетейік, қаңтар айында ғана республиканың есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері қару-жарақ сақталған бес жасырын орынды тапты. 6 тегіс ұңғылы қару, 3 тапанша, 3 кесілген шолақ мылтық, 2 газ тапаншасы, бір карабин, әртүрлі модификациядағы 10 граната, 400-ден астам патрон тәркіленді. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы