Қаңтар оқиғасы. Келтірілген шығын сомасы 30 млрд теңгені құрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қаңтар оқиғасы кезінде келтірілген шығын сомасы 30 млрд теңгені құрағанын айтты.

Үкімет жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып, тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен мемлекеттік органдардың нысандарын қалпына келтіру және кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген залалды өтеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің 8 облысында мемлекеттік органдардың 42 ғимараты зардап шекті. Бұл Алматы, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының қалалары. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 28 млрд теңге республикалық бюджеттен 18 нысанды қалпына келтіруге жұмсалды, - деп айтты Скляр.

Үкімет басшысының орынбасарының сөзінше, барлық нысанға техникалық байқау жүргізілді. Нәтижесінде 28 ағымдағы жөндеу, сондай-ақ 14 ғимаратқа күрделі жөндеу және қайта құру қажеттілігі анықталды.

Бүгінгі таңда 21 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Наурыз айының соңына дейін 5 ғимаратқа, қалған 2 нысанға – ағымдағы жылдың мамыр және маусым айларында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Күрделі жөндеу және қайта құруды қажет ететін 14 мемлекеттік нысан бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деп түсіндірді ол Мәжілісте.

Кестеге сәйкес 7 ғимарат бойынша жұмыстарнаурыз айында, 5 нысан бойынша ағымдағы жылдың маусым айында аяқталады.

Роман Склярдың хабарлауынша, Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан» ТелеРадиоКорпорациясы ғимаратын қайта жөндеу жұмыстары осы жылдың қазан айында аяқталады деп күтіліп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы