Қаңтар оқиғасы. Депутат медициналық көмекті ұйымдастыру моделі болмағанын айтты

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ғалымжан Елеуов Денсаулық сақтау министрінен денсаулық саласындағы заңнамаға қандай өзгеріс енгізу жоспарда барын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаңтар оқиғалары кезінде жедел жәрдем көліктеріне шабуыл жасалды. Бұл инфаркт, инсульт, жарақтану, босану және т.б. бойынша науқастардың өміріне қауіп төндіретін аурулар кезінде Алматы тұрғындарына көмек көрсету қиындады. Тіпті мүлде мүмкін болмады. Өкінішке қарай, ауруханаларда қарулы адамдардың шабуылына және әртүрлі қысымға ұшырады. Денсаулық сақтау  объектілеріне барлығы 20 шабуыл тіркелді. Оның ішінде 5 стационар, 1 алғашқы медициналық санитарлық көмек стансасы, 14 дәріхана. Мұның барлығы Алматыда орналасқан, - деді депутат.

Оның айтуынша, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы облысында 7 медицина қызметкері зардап шекті. 4 өңірде (Алматы, Шымкент қалалары және Жамбыл мен Алматы облыстары) 45 жедел медицина автокөлігі зақымданды. Мұның барлығы халыққа қажетті медициналық көмек көрсетудің төмендеуіне алып келді.

Қарулы қылмыскерлер аурухананы қоршауда ұстаған кезде өз жұмысын тоқтатпай, зардап шеккендерге көмек көрсетіп, науқастардың өмірін сақтап қалған дәрігерлерге батылдығы мен кәсіби борышына адалдығы үшін алғыс айтқым келеді. Қаңтар оқиғалары кезінде анықталған басты проблема – ол төтенше жағдай кезінде медициналық көмекті қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық моделінің болмауы. Осыған орай, аталған мәселелер бойынша ДСМ қандай шаралар қолданбақ? Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға қандай өзгерістерді жоспарлап отырсыздар? – деп сұрады депутат ДСМ басшысы Ажар Ғинияттан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы