Қаңтар оқиғасы. Алматыда зардап шеккен бизнес субъектілерінен 1 355 өтініш түсті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте  Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин ШОБ субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі Өңірлік комиссия жұмысының аралық қорытындысы туралы айтты.

Оның айтуынша, Өңірлік комиссия Алматыдағы зардап шеккен бизнес субъектілерінен
келіп түскен барлық өтінішті қарап шыққан. 

Қазіргі уақытта, барлық берілген өтініштер 100% қамтылды және олар Комиссиямен қаралды. InfoKazakhstan электрондық платформасына 1188 кәсіпкерден барлығы 1355 өтініш келіп түсті. Өңірлік комиссия мәжілісінің қорытындысы бойынша 5 286,5 млн теңге сомасындағы 1139 өтініш, оның ішінде, 4 194,6 млн теңге сомасындағы 595 өтініш бюджет қаражаттарынан, 1 091,9 млн теңге сомасындағы 544 өтініш «Жаңа Алатау» қорының қаражаттарынан мақұлданды,-деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар ол қалған 216 өтініш пысықталу үстінде екенін жеткізді, оның ішінде 120 өтініш бойынша құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған, 96 өтініш жеңілдетілген механизм шеңберінде өтем сомасымен келіспеуіне байланысты сот сараптамасына жолданған.

Зардап шеккен бизнесті толық қамту және қала экономикасын жедел қалпына келтіру мақсатында, Комиссия «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығының жанынан кеңес беру штабын құрды. Өтемі әлі төленбеген зардап шеккен кәсіпкерлер жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін Алматы қаласы, Байзақов көшесі, 303, 101 кабинет мекенжайы бойынша кеңес алу үшін жүгіне алады,-деді Оразалин.

Сондай-ақ ол Өңірлік комиссияның келесі мәжілісі 2022 жылғы 12, 15 және 18 наурызға жоспарланып отырғанын айтты.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы