Қаңтар оқиғасы. 80 адам ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталды – ІІМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев мәлімдеді.
Айтуынша, Ішкі істер министрлігі Қаңтар оқиғаларын тергеу бойынша жұмысты жалғастыруда.
Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 381 қылмыстық іс бар, олар бойынша 10 адам қамауда ұсталуда. Істердің бұдан біраз бұрын аталған саннан азаюы қазіргі таңға дейін көптеген қылмыстық істер бойынша процестік шешімдердің қабылданғанымен түсіндіріледі. Мәселен, қазіргі уақытта 589 күдіктіге қатысты 359 іс сотқа айыптау актісімен жолданды, - деп атап өтті Тергеу департаменті бастығының орынбасары.
Белгілі болғандай, олардың көпшілігі, яғни 449 адам жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрлық жасаған.
Қаруды ұрлағаны (38) және заңсыз сақтағаны (45), көлік құралдарын заңсыз айдап кеткені (10), тонау (9) және бұзақылық (6) жасағаны үшін жауапкершілікке тартылуда. Сотта қарау нәтижелері бойынша 460 адамға қатысты үкім шықты, оның ішінде: 371 адам бас бостандығынан шектелді; 4 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды; 5 адамға айыппұл салынды. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 80 адам бас бостандығынан айыруға сотталды, - деді Мұхтар Қожаев.