Қант қызылшасының алқабы 15 мың гектарға ұлғаймақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жетісуда қант қызылшасының егіс алқабы алдағы 4 жылда 15 мың гектарға дейін ұлғаймақ. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы – егіс алаңы 8,1 мың га, 2024 жылы – 10,7 мың га құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 12,2 мың га дейін жетеді. 

Жалпы, биыл бұл дақыл түрі 6,2 мың гектарға себілді. Одан 210 мың тонна өнім жинап, 20 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарда бар, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, соңғы 7 жылда қант қызылшасы егістігінің аумағы жеті жарым есе (2014 жылы 1,2 мың га құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 8,9 мың га жеткен), қайта өңдеуге өткізілген өнім көлемі 20 есеге артқан (9,9 мың тоннадан 196 мың тоннаға дейін).

Қант өнімін облыста Көксу және Ақсу қант зауыттары өндіруде. Биыл шаруаларға өткізілген өнімнің әр 1 тоннасына 30 мың теңгеден төленбек. Яғни, зауыт тарапынан – 15 мың теңге, субсидия есебінен – 15 мың теңге беріледі. Бұл былтырғымен салыстырғанда 8 мың теңгеге артық.

Өткен жылдан бері Көксу қант зауыты құрақ қантын өндіруді қолға алды. 2021 жылы 41 мың тонна шикізат өңделіп, 40 мың тонна құмшекер алған. Ал, осы жылы 48 мың тоннаға квота алып, бүгінге 30 мың тонна шикізат өңделді, Сонымен қатар осы қараша айында  Ақсу қант зауытында қамысты қайта өңдеу желісін орнатып,  қолданысқа беру жоспарлануда. Осылайша қос зауыт та жыл бойы жұмыс жасап, қамыс құрағы мен қызылшаны өңдемек.

Сондай-ақ Алакөл ауданындағы үшінші қант зауытын іске қосу көзделіп отыр. Облыс басшысы Бейбіт Исабаев бұл зауытты қайта қалпына келтіру жөнінде үш халықаралық қаржы институттары өкілдерімен кездесуде бірнеше ұсынысын жеткізді.

Қант өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, Көксу қант зауыты және «Магнум», «Смолл», «Тоймарт» сауда кешендері арасында 2 мың тонна қант өнімін келісі 450 теңгеден сатуға қатысты арнайы меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ, Ақсу қант зауытымен айналым схемасы бойынша 1500 тоннаға келісімшарт жасалды.

Қазіргі уақытта Жетісу облысында 12 аттестатталған тұқым өндіруші бар. Олар 1,4 мың тонна жүгері тұқымын, 10,5 мың тонна дәнді, масақты дақылдар тұқымын және 2,5 мың бірлік қант қызылшасын себеді. Келесі жылы Кербұлақ ауданындағы «Агрохолдинг» компаниясы өз базасында картоп тұқымын өндірмек. Осы бағытта алдымен 60 га жер игеріліп, одан 1,8 мың тонна тұқым алу жоспарда бар. Бұл  қажеттіліктің 30%-ын қамтамасыз етпек.

Картоп пен көкөніс өнімдерінің өндіріс көлемі облыс тұрғындарының қажеттілігін 100% өтейді. Алайда маусымнан тыс уақытта сақтау және өндіру мәселесі әлі шешімін таппады. Мәселен, қолда бар картоп қоймаларының сыйымдылығы 7,5 мың тонна, ал көкөніс қоймаларының сыйымдылығы – тек 5,5 мың тонна. Осы мәселелерді шешу үшін Үшарал, Жаркент, Талдықорған қалаларында қосымша қоймалар салу қажет.

Сонымен қатар заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Облыста бүгінгі күні 20,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Олардың 65%-ы 10 жылдан астам уақыт пайдаланылуда. Жаңарту деңгейі жылына орта есеппен 4% ғана құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес, өңірге 500-дей жаңа техника сатып алу қажет. Бүгінгі таңда 3,9 млрд.теңге сомасына 375 бірлік техника әкелінді. Осылайша жоспар 80%-ға орындалған.

Минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, олардың қажеттілігі шамамен 31 мың тонна. Осы жылы олардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 1,7 есе өскен. Минералды тыңайтқыштардың құнын арзандату мақсатында, бюджеттен 1,5 млрд.теңге субсидия қарастырылып, 12,1 мың тонна тыңайтқышқа 1,0 млрд. теңге төленді.

Жалпы, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында 1,8%, саудада 3,2%-ға дейін өсім бар. Облыс экономикасына 19,8%-ға өсіммен 91 млрд.теңге инвестиция тартылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы