Қант қызылшасынан инвестицияға дейін: Қаратал ауданы қалай дамып жатыр
Жетісудың жетекші Панфилов, Қаратал аудандарының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары. Инвестиция, өндіріс, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым саласында үздіктер қатарында. Бірі жүгеріге қамбаны толтырса, бірі қант қызылшасына зәру зауыттардың сұранысын орындап отыр. Екі өңірдің тыныс-тіршілігі қашанда назардан тыс қалған емес, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әуелгі әңгімені, қасиетті мекен Қаратал өңірінен бастасақ. Өйткені Жетісу жеріндегі әулие-әмбиелердің көбі осы топырақта жатыр. Содан да болар, берекесі келіскен, өрісі кең мекен. Облыс құрылғаннан бері 70 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Соның 26 млрд теңгеден астамы жекеменшік сектордың үлесіне тиесілі. Жалпы құны 8,6 млрд теңгені құрайтын 18 жоба іске асып, 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық қоржында 3,4 млрд теңгелік 4 жоба бар. Бұл бастамалар тағы елуден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Бүгінде 1 млрд теңгеге жуық қаржыға іске қосылған 8 коммерциялық нысан аудан экономикасына тың серпін беріп отыр. Аудан әкімі Ұлан Досымбеков өнеркәсіп саласында тоқырау жоқ екенін айтады.
Президент Жолдауында атап өтілгендей, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының стратегиялық саласы. Осы ұстаным Қаратал ауданында нақты іспен бекіп келеді. Жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін қолдауға қомақты қаржы бағытталып, шаруалардың еңбегіне екпін беріп келеді. Биылдың өзінде ғана мемлекет тарапынан жарты млрд теңгеден астам қолдау көрсетілді. Кейінгі екі жылда аудан шаруалары жүзден аса ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып, егіс пен мал шаруашылығында еңбек өнімділігін арттырды. Бұл – ауылдағы еңбек мәдениетінің жаңарып, заман талабына сай бейімделіп келе жатқанын көрсетеді, – дейді аудан басшысы.
Қант қызылшасы – аудан диқандарының негізгі табыс көзінің бірі. Биыл 800 гектардан астам алқапқа егілген тәтті түбірден 50 мың тоннаға дейін өнім алынды. Жергілікті шаруа қожалықтары Көксу қант зауытына қажет шикізаттың 20%-ын береді. Алдағы жылдары егіс көлемін арттыру жоспарда тұр. Cол мақсатта пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейінгі жылдары 80 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылып, оның қомақты бөлігі конкурс арқылы шаруаларға берілген. Қалған алқаптар ауыл тұрғындарының ортақ мал жайылымына бекітіліпті.
Одан бөлек, қоғамдық жайылым қоры 90 мың гектардан асады, бұл ауылдағы мал шаруашылығы үшін маңызды ресурс. Сонымен қатар елді мекен тұрғындарына бау-бақша өсіруге арналған жүздеген гектар жер бөлініп, халықтың өзін-өзі азық-түлікпен қамтуына мүмкіндік жасалған. Тіпті цифрландырудың нәтижесінде жер алу рәсімдері бұрынғыдан да ашық әрі қолжетімді бола түскен. Бүгінде кез келген азамат үйінен шықпай-ақ электронды геопортал арқылы бос жер телімдерін көріп, конкурсқа қатыса алады. Айта кетейік, жерді көркейтуде су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды.
Осы бағытта суару жүйелері мен каналдарды қайта жаңғырту жұмыстары бірнеше кезеңмен жүзеге асып жатыр. Жүздеген шақырым канал тазартылып, су бекеттері мен бөлгіштер орнатылды. Нәтижесінде, мыңдаған гектар жер қайта айналымға еніп, егіс алқаптарына су жеткізу айтарлықтай жақсаруға тиіс. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары қарқынды енгізіліп жатыр. Қазір аудан аумағында бірнеше мың гектар жер тамшылатып суару әдістерімен қамтылған. Бұл – болашаққа бағытталған экологиялық әрі экономикалық тиімді қадам, – дейді Ұ.Досымбеков.
Әкімнің айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қала мен ауылдарда көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделіп, инженерлік инфрақұрылым жаңартылған. «Таза Қазақстан» акциясы аясында мыңдаған түп ағаш отырғызылып, сенбіліктер ұйымдастырылған.
Ауданда білім, денсаулық сақтау салаларына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Кейінгі жылдары жаңа оқу орындары бой көтеріп, бірнеше мектеп жөндеуден өтті. Мәселен, Үштөбе қаласында жаңа заманға сай 30 орындық жатақханасымен гумманитарлық колледж, Панфилов атындағы орта мектеп жаңадан салынды. 4 білім ошағына күрделі жөндеу, 8 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, 10 жаңа нысан ашылған. Дегенмен екі салада да кадр тапшылығы әлі де өзекті болып отыр.