Қант диабетін ең алдымен байқайтын дәрігер – стоматолог

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Медициналық журналистика мектебі» онлайн конференциясы барысында С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жанындағы диабет орталығының басшысы және Алматы қаласының бас эндокринологы Жанай Ақанов айтты.

Қант диабеті – әлеуметтік проблема. Себебі, ол медицинаның кардиология, қантамырлар хирургиясы, неврология, нефрология, офтальмология, эндокринология сияқты бірнеше саласын қамтиды. Қант диабетіне шалдыққан науқас жайлы сөз болған жағдайда, оған мультидисциплинарлық кеңес тұрғысынан қарау керек. Өйткені бұл науқастың денсаулығында жоғарыда аталған бағыттар бойынша проблема бар деген сөз. Қант диабеті профилактикасы кезінде ең алдымен генетикалық факторды ескеру керек. Егер пациенттің денсаулығында анамнез, тұқымқуалаушылық, қант диабетіне деген бейімділік бар болса, ол дәл осы генетикалық фактормен байланысты екенін түсіну қажет, - дейді ол. 

Дәрігердің айтуынша, бірінші типтегі қант диабетінің өршуіне негізгі себептердің бірі – вирус, инфекция, стресс болуы мүмкін.

Коронавирус басталған кезде біз қант диабеті дертінің бірінші типімен ауырғандар санының кенеттен тыс өршігенін байқадық. Балалар коронавирустың жеңіл түрі немесе симптомсыз түрімен ауырғанымен де, ол баланың бойындағы қант диабетін қоздырып жіберуі мүмкін. Қант диабеті анықталғанға дейін оның белгілері біліне бастайды. Тек адам оның диабеттің симптомдары екенін бірден аңғармайды. Қант диабетін ең алдымен байқайтын дәрігер – стоматолог. Егер пациенттің ауыз қуысының шырышты қабаты борпылдақ келсе және тіс дәрігері пациентті бірден қант мөлшеріне тексерсе, ол оның диабет дертіне шалдыққанын бірден аңғарар еді. Ал қант диабетін байқайтын екінші дәрігер бұл – гинеколог. Өйткені, адам бойындағы орналасқан кез келген шырышты қабаттың жағдайы өзгерсе, тиісінше флора да өзгереді. Ал, пациентін бірнеше жыл бойы тексеріп жүрген гинеколог, бұл өзгерістің қант диабеті салдарынан болғанын бірден ұғады, - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы