Қанша елордалық МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

Елордада Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 1 376 528 адам тұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ал, тіркелген тұрғындар деректеріне (РПН) сәйкес, 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Астана қаласында денсаулық сақтау субъектілеріне тіркелген тұрғындар саны - 1 370 832. Олардың ішінде 1 135 929 адам, немесе 82,9%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған, ал 236 475 азамат сақтандырылмаған, басқаша айтсақ, сақтандырылмағандар үлесі – 17,1%.» - деп хабарлайды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы.

2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған Астана қаласы тұрғындарының үлесін бөліп қарастырсақ: соңғы 12 айда төлемдері жоқ адамдар – 58%; жұмыскерлер – 26%; жеке кәсіпкерлер – 6%; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар – 5%; дербес төлеушілер – 3%; БЖТ төлеушілер – 2 %; тағы басқалары – 0,2%.

Қор медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту және халықты МӘМС жүйесіне барынша тарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Қазір елорда тұрғындарының 82,9%-ы жүйеде сақтандырылған. Яғни, қажет болған жағдайда, олар медициналық сақтандыру пакетінде медициналық көмек ала алады. Дегенмен, 236 475 азамат түрлі себептермен жүйеден тыс қалған, - деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Ербол Жасұланұлы Бекмұхамбетов.

Естеріңізге саламыз, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылған. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.

Бұған дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.

2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша елорда халқының жалпы саны - 1 376 528. Астаналықтардың әлі 17,1%-ы сақтандырылмаған, яғни МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады. Осы ретте енгізілген жаңа төлем механизмі оң ықпал етеді деп ойлаймыз. Әйтсе де, айта кету керек, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, барлық азаматтар тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде медициналық (шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы, т.б.) көмек ала алады, - деп түсіндірді Ербол Бекмұхамбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы