Қанша астаналық МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған?
Астанада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талқылау кезінде қоғамдық кеңес мүшелері «МӘМС қызметіне мониторинг жасалды ма, жасалса нәтижесі қайда?», «МӘМС қызметі халыққа неге құпия болып қалып отыр?», «МӘМС-тің Астана қаласы бойынша халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары қаншалықты жиі жүргізілді?», «Халық түсінбей отырған МӘМС-ті сырттан келген қандастарымыз қалай түсінеді?» деген сауалдар қойды.
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың дерегінше, биыл МӘМС арқылы қаржыландырылатын басқармаға қарысты ұйымдардың бюджеті - 120,4 млрд теңге. Өткен жылмен салыстырғанда өсім – 2,5 пайыз.
МӘСҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлжан Шайхыбекова биыл жоғары аудиторлық палатаның тексеріс жүргізгенін айтты.
Біріншіден, қордың Астана қаласы бойынша филиялына биыл қаңтар мен маусым аралығында Жоғарғы аудитордық палата тексеріс жүргізді. Тексеріс кезінде 2023-2024 жылдар аралығы қамтылды. Нәтижесінде қорға басты үш сұрақты қойылды. Біріншіден, лицензиялары толық емес медициналық мекемелерге қаржы төлемдері жасалған. Екіншіден, жоспарланған қаржының толық игерілмеуі және үшіншіден, қор төлеген медициналық көмекке, қарапайым халықта қаржы төлеген. Яғни қосарланған төлемдер жасалған. Жоғарғы палата осы үш кемшілікті көрсетіп отыр. Қазіргі таңда біз тек алдын ала қортындысымен таныстық, ал толық қорытындыны алған жоқпыз, - деді Гүлжан Шайхыбекова.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда қала халқының 77 пайызы МӘМС-пен сақтандырылған.
Өкінішке қарай, медициналық мекемелерге тіркелген 241 мың адам сақтандырылмаған. Оның ішінде 160 мың адам жұмысы бар, үй жағдайы жақсы адамдар болып саналады. Біз осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. МӘМС-ке қатысты қандастарымызға арналған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жұмыссыз қандастардың бүкілі мемлекеттің қаражаты есебінен сақтандырылған. Олардың бізге түскен өтініштерді де қарастырып жатырмыз. Онымен қоса, қандастарымыз Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесінде тіркелген. Сол тізім бойынша бүкіл азаматтармен жұмыс жасалады, - деді МӘСҚ басқарма төрағасының орынбасары.