Қанша адам тұрғын үй қорынан жалдамалы пәтер алады?
Мегаполисте 2 мың азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдамалы пәтерлер алды. Оның ішінде 404 пәтер жетім балаларға бөлінді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мәлімдеді.
2025 жылға арналған жоспар 7 284 адамды, оның ішінде жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуді қамтиды. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша белгіленген 20% квотаға сәйкес көпбалалы отбасыларды, халықтың әлеуметтік осал топтарын және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерін қоса алғанда, азаматтардың неғұрлым осал санаттарына тұрғын үй беріледі. 2024 жылы осы бағдарлама бойынша 5 594 адам баспанамен қамтамасыз етілді. Бағдарлама аясында 2000 азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдамалы пәтерлер алды. Оның ішінде 404 пәтер жетім балаларға бөлінді, бұл берілген тұрғын үйдің жалпы санының 20% - на сәйкес келеді. Сонымен қатар, өткен жылы 257,7 млн теңгеге 207 тұрғын үй сертификаты берілді. Сертификат алушылар 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, көпбалалы отбасылар және жетім балалар болды,- деді Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.
2025 жылы ХӘОТ және жетім балаларға бөлінетін тұрғын үй үлесі 20% деңгейінде сақталады.