Қаңғыбас иттер қаптап жүр

Қала көшелерін кезіп жүрген қаңғыбас иттер семейліктердің мазасын қашырған. Әсіресе шаһардың орталық ауданында қараусыз жануарлардың көбейіп кеткені алаңдатады. Өткен жылы Семейде мұндай 5 мыңға жуық жануар ұсталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғындар соңғы уақытта иесіз иттердің көбейгенінен қауіптеніп отыр. Ересектердің өзі қараңғыда қаңғыбас иттердің қаптап кететіндігінен жалғыз жүруге қорқамыз дейді.

Қараусыз жануарлардың көбейіп кеткені қатты алаңдатады. Бұл балалар үшін өте қауіпті. Таңертең балаларды мектепке апарарда немесе кешкісін серуендегенде топтасып жүрген иттерден қорқамыз. Ит асырайтын адамдар оларды қараусыз жібермегені дұрыс, - деді қала тұрғыны.

Мәселесеге қатысты Облыстық ветеринариялық қызметке жүгінген едік. Айтуларынша, қараусыз жануарлармен күрес шаралары үздіксіз жүргізілуде. Егер жануар агрессивті әрі тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, рұқсат етілген препараттармен шұғыл эвтаназия жасалады екен.

2024 жылы 4344 бас қаңғыбас ит пен 656 бас қаңғыбас мысық ұсталды. Былтыр қаңғыбас жануарларға қатысты 1852 өтініш түсіп, оның 1134-і телефон арқылы қабылданды. Жыл басынан бері 180 өтініш түссе, оның 150-і телефон арқылы қабылданған. Өтініштер негізінде жануарларды аулау қызметкерлері көрсетілген мекенжайларға барып, өтініш берушіден жазбаша өтініш алып, аулау жұмыстарын жүргізеді, - деді Абай облысы ветеринария басқармасы "Облыстық ветеринариялық қызмет" ШЖҚ КМК маманы Ақмарал Сеиітова.

Маманның сөзінше, өңірде жыл сайын эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қараусыз ит-мысықтар санын гумандық жолмен реттеу және бақылаусыз көбеюінің алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

Фариза Талғатбек

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы