Қандыағаштықтар жағымсыз иістен қашан құтылады?

Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының тұрғындары көп жылдан бері жағымсыз иістен құтыла алмай отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Облыстық мәслихат депутаты Наурызбек Сарбасовтың айтуынша, жағымсыз иіс тұрғындардың өмір сапасына кері әсерін тигізуде. Мәселен, қаланың оңтүстік бөлігінде полигон орналасқан. Жел тұрса, одан тараған иіс қаланы түгел алып кетеді.

Сондай-ақ жаңадан бой көтерген үш шағын ауданның кәріз жүйесінің жоқтығы да бұл жағдайды күрделілендіріп отыр. 

Бұл мәселені шешу үшін Мұғалжар ауданы әкімдігі 5,2 миллиард теңгеге жобалық құжаттар дайындаған. Бұл жоба іске асырылса, кәріз жүйесімен байланысты мәселе түбегейлі шешіліп, қаланың экологиялық ахуалы жақсарар еді, - дейді ол.

Біз бұл мәселеге байланысты облыстық экология департаментіне хабарластық. 

 Департамент 2021 жылы "Кентавр" ЖШС-ның экологиялық заңнама талаптарын сақтауы бойынша субъектіге бару арқылы бақылау жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде өндірістік экологиялық бақылау есебі бойынша нормативтен тыс шығарындыларға жол берілгендігі, ағынды суларды тазарту жабдықтары орнатылмағаны, 2019 жылдан бастап ағынды суларды буландырғыш тоғанға қоршаған орта эмиссиясына рұқсатсыз ағызу жүзеге асырылғаны белгілі болды. Нәтижесінде департамент мекемеге бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым беріп, қоршаған ортаға келтірілген залал үшін 86 188 007 теңге айыппұл төлеу туралы талап қойды. Соттың шешімімен бұл қаржы толықтай өндіріліп, шаруашылық қызметі тоқтатылды, — дейді департамент басшысы Е.Қуанов.

Оның айтуынша, қаладағы полигон "Ж.Е.С." ЖШС-на тиесілі. Серіктестік қоршаған орта эмиссиясына экологиялық рұқсат алған. Биыл жағымсыз иіске қатысты департаментке арыз-шағым түспеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы