Қандыағаш қаласындағы айналма жолда қозғалыс ашылды
Бүгін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астраханға қарай) автожолының қайта жаңарту жұмыстары аясында «Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесінде көлік қозғалысын ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталмыш шара барысында ІІ техникалық санаттағы Қандыағаш қаласындағы 16 шақырымды құрайтын айналма жолы қолданысқа берілді. Оның құрамында айналма жолдың басында орналасқан бір көлік жол айрығы мен 7 жасанды нысан бар, оның ішінде 2 малөткел.
Бұл транспорттық дәліз Астраханға қарай қозғалысты қамтамасыз етіп, Қазақстан Республикасы мен Ресей федерациясын байланыстыратын маңызды бағыттардың бірі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астраханға қарай) дәлізін жаңғырту бойынша қайта жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Қайта жаңарту жұмыстары барысында жолдың техникалық параметрлері жақсартылды: 77,8 шақырым ІІ санаттан І санатқа, ал 18,2 шақырымы ІІ санатқа ауыстырылды.
«Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесінің жалпы ұзындығы 96 шақырымды құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 5 тамызда Алға қаласынан Қандыағаш қаласына дейінгі 54 шақырымды құрайтын жол қолданысқа берілген болатын.
Қазіргі таңда автожолдың барлық ұзындығы бойынша жолдың төменгі қабатын төсеу жұмыстары аяқталды. Қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетоннан жоғарғы қабатты төсеу жұмыстары атқарылып жатыр (85 % орындалды). Сондай-ақ жолды абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Жобаны жүзеге асыруға үш асфальтбетон зауыты, 254 жол-құрылыс техникасы мен 574 жұмысшы жұмылдырылған. Жоба аясында 94 жасанды құрылыс нысанын соғу жоспарланған, оның ішінде 15 көпір, 16 мал айдау, 3 көлік жол айрығы мен 60 су өткізгіш құбыр.
«Ақтөбе-Қандыағаш» автожолының қайта жаңарту жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталады.