Қанды шабуыл: 17 оқ тиген саясаткер мен оның жұбайы аман қалды
АҚШ-тың Миннесота штатында сенбі күні атыс болып, екі заң шығарушы мен олардың жұбайларына оқ атылды. Оқиға салдарынан бір жұп қаза тапта, екінші жұпқа жалпы 17 оқ тисе де, аман қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға салдарынан Мелисса Хортман және оның күйеуі Марк қаза тапты.
Тағы бір заң шығарушы Джон Хоффман мен әйелі Иветт ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Екеуіне 17 оқ тиген, олардың тірі қалғаны – үлкен сәттілік.
Иветт Хоффманның айтуынша, күйеуіне – 9, өзіне – 8 оқ тиген. Ол қызының өмірін сақтау үшін өз денесімен қорғауға тырысқан. Қызы – 20 жастағы Хоуп туа біткен аурумен ауырады.
Полицияның мәліметінше, шабуылдаушы – 57 жастағы Вэнс Лютер Болтер. Ол латекс маска киіп, өзін полицей ретінде таныстырып, екі отбасы тұратын үйге кіріп, оқ атқан. Қылмыскер шабуылдан кейін қашып кеткен, оның көлігі Сибли округінен табылды. Алайда өзі әлі ұсталған жоқ. Іздеу аймағы Оңтүстік Дакотаға дейін кеңейтілді, ал ФБР оны ең қауіпті қылмыскерлер тізіміне енгізіп, 50 мың доллар сыйақы тағайындады.
Болтердің екінші көлігінен Миннесота демократ саясаткерлерінің тізімі табылды. Онда губернатор Тим Уолц, конгрессмен Ильхан Омар, сенатор Эми Клобушар және бас прокурор Кит Эллисон бар. Билік бұл шабуылды саяси астары бар қылмыс деп бағалап отыр.
Қылмыскердің жұбайы мен туыстары ұсталғанымен, кейінірек ешқайсысы қамауға алынбаған. Тергеу жалғасып жатыр.