Қанды қырғыннан есеңгіреген қоғамда дүдәмәл бар болғанымен, үміт пен сенім басым – Байменов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қанды қырғыннан есеңгіреген қоғамда дүдәмәл бар болғанымен үміт пен сенім басым. Мемлекеттік істер жөніндегі өңірлік хаб басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов елдегі жағдайға қатысты осылай деді.
Сын сағатта азаматтық жауапкершілік пен ынтымақ үлгісін көрсетіп, жауапкершілікті өзіне алған мемлекет басшысын қолдаған миллиондаған отандастарымыз нақты өзгерістер мен терең реформаларды күтуде. Теңдесі жоқ қасірет . Әлі де көп жәйт анық емес. Сондықтан үміт пен күдік қатар жүруі де түсінікті. Ресми және қоғамдық тексеріс пен зерттеулер халықтың наразылығы мен ашу-ызасын, бейбіт талаппен шеруге шыққандарды пайдаланып, лаңкестердің көмегімен қанды қырғын ұйымдастырған кімдер екенін анықтар, - деді Әлихан Байменов.
Терең талдау, түйетін түйін мен алатын тағылым, қажетті реформалар жөнінде пікір алмасулар уақыты да келер деген Байменов қаңтар құрбандарына тоқталды.
225 өмір құрбан болды . Олардың басым көпшілігі әділет пен абыройды, заңдылық пен тәуелсіз Қазақстанды қорғап шықты. Олардың басым көпшілігі жаңа Қазақстанға, жаңғырған қоғамға бастайтын жолда қаза тапты. Қасіретті қаңтар халық жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз. Жыл сайын құрбан болғандарды еске алып, тарихи, әлеуметтік, саяси себептері мен салдарларын талқылайтын түрлі шаралар да өткізiлетiн болады. Кейінгі ұрпақ қаңтарда да, басқа күндерде де қаза тапқандар әруағына тағзым етіп, тарих тағылымы туралы ойланатын арнайы орын да қажет болады, - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар комитет басшысы ақ пен қараны ажырату қажеттігі туралы кеше Мемлекет басшысы тиісті тапсырма да бергенін алға тартты.
Бұрынғы мәлімдемелерімде жазғанымды тағы да қайталайын. Лаңкестер мен содырлар іште дайындалды ма, әлде сырттан келді ме, оларды жұмсаушылар мен нақты ұйымдастырушылар кімдер деген сұрақтарға жауап әділет пен ақиқат үшін маңызды. Бірақ мәселенің түбіріне үңілетін болсақ, наразылыққа себеп болған, бай мен кедейдің арасын алшақтатып әлеуметтік шиеленісті ушықтырған, елді жегідей жеп, халықтың ашынуына алып келген жемқорлық, байлық пен биліктің аз топтың қолында шоғырлануы екені айдан анық, - деп отыр комитет төрағасы.
Сондықтан оның пікірінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған экономикалық реформаларда экономика мен қаржы ағымдары жариялылығы, жемқорлықты ауыздықтау мәселелеріне арнайы басымдық берілуі керек.
Өз кезегінде, бұл бағытта нәтижелі күрес жүріп, халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптасуы үшін саяси реформалар қажет. Себебі мемлекеттік аппараттың халықты есту қабылеті кәсібилікпен байланысты болса, естуге ниет пен құлық лауазым иелерінің тағдырын халық пікірімен байланыстыратын саяси жүйеге тәуелді екені анық. Осы байланысты түсіндіретін зерттеуіміздің нәтижесін де жариялаймыз, - деп ағынан жарылды Байменов.