19 Ақпан 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қандай жағдайда Ұлттық банк нарыққа араласады? 

Монетарлық операциялар департаменті теңге бағамына қатысты валюталық интервенциялар қандай жағдайда жүргізілетінін түсіндірді.

Монетарлық операциялар департаменті теңге бағамына қатысты валюталық интервенциялар қандай жағдайда жүргізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Еркін айырбас бағамы режимі жағдайында айырбас бағамының динамикасы ішкі және сыртқы факторлардың жиынтық ықпалымен қалыптасады, оның ішінде жаһандық қаржылық жағдайлар, шикізат нарықтарындағы конъюнктура, валюта нарығы қатысушыларының іс-әрекеттері және экономикалық агенттердің күтулері бар, - дейді баспасөз қызметі. 

Ресми жауапта Ұлттық банк теңге бағамын таргет ретінде қарастырмайтынын әрі оның деңгейіне қатысты алдын ала болжам жарияламайтынын атап өткен. Теңге бағамы нарықтағы ахуал мен экономикалық факторлардың әсерімен белгіленеді. 

Ұлттық банк теңгенің айырбас бағамының негізсіз шамадан тыс құбылмалылығы байқалған және валюта нарығының теңгерімді жұмыс істеуіне, сондай-ақ қаржылық тұрақтылыққа қатер төну тәуекелдері туындаған ерекше жағдайларда валюталық интервенциялар жүргізу құқығына ие. Мәселен, былтыр шілде айында ҚР Ұлттық банкі теңге бағамының 1 АҚШ доллары үшін 550 теңгеге дейін әлсіреуіне жауап ретінде жалпы көлемі 125,6 млн АҚШ доллары мөлшерінде бір реттік валюталық интервенциялар жүргізді, - делінген Монетарлық операциялар департаментінің жауабында.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Ұлттық банктің рөлін Конституцияда нақты бекітуді ұсынған еді.