Бүгiн 2026, 17:13 Фото: gov.kz

Қандай жағдайда ҰБТ нәтижесі жойылады? Талапкерлерге маңызды ескерту жарияланды

Тестілеуде 624 ереже бұзушылық анықталды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026 жылғы негізгі ҰБТ-ның алты аптасының қорытындысын жариялады. Биылғы тестілеу барысында талапкерлер шамамен 292 мың рет ҰБТ тапсырған.

Қанша талапкер тест тапсырды?

Ведомствоның мәліметінше, негізгі ҰБТ 10 мамырда басталған. Бүгінгі күнге дейін талапкерлер тестілеуге шамамен 292 мың рет қатысқан.

Тестілеуге қатысушылардың 72 пайызы қазақ тілін таңдаса, 28 пайызы орыс тілінде тапсырған. Сонымен қатар 469 талапкер ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырған.

Еске салсақ, биыл тестілеуге қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.

Орташа балл қанша болды?

Алтыншы аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 68 пайызы шекті балл жинаған.

Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 64 балды құрады.

Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Бұл көрсеткішке Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир қол жеткізген.

Министрлік ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылғанын мәлімдеді.

Негізгі ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттіліктері бар 735 талапкер қатысқан.

Апелляция қалай беріледі?

Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты апелляцияны тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады.

Ал техникалық себептер бойынша апелляция тестілеу барысында қабылданады.

Апелляция қаралғаннан кейін сертификаттар талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді болады.

ҰБТ кезінде қанша ереже бұзушылық анықталды?

Алты аптаның ішінде тестілеу барысында 624 ереже бұзушылық тіркелген.

Оның ішінде 385 талапкер смартфон, смарт-көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге жіберілмеген.

Тағы 238 талапкер тест кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылған.

Сонымен қатар бейнежазбаларды тексеру барысында тағы бір адамның нәтижесі күшін жойды.

Министрлік мәліметінше, биыл өзге адамның орнына тест тапсыру фактілері тіркелмеген.

ҰБТ нәтижелері кейін де жойылуы мүмкін

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін де бақылау жалғасатынын ескертті.

31 қазанға дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталса, талапкерлердің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҰБТ-ның бес аптасында 474 ереже бұзушылық анықталғанын хабарладық.

2026 жылғы 20 маусымда жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталады.