Бүгiн 2026, 11:49 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қандай тұлғалар рақымшылыққа ілікпейді: ІІМ түсініктеме берді 

Рақымшылық азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға қолданылады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында рақымшылыққа қатысты жаңа нормаларды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алдын ала мәліметке сәйкес, рақымшылық азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға қолданылады.

Рақымшылық қауіпті қылмыс жасағандарға, оның ішінде терроризм, экстремизм және сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтарға, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстарға, азаптау фактілеріне, сондай-ақ қайталама қылмыс жасағандар мен іздеуде жүрген тұлғаларға қолданылмайды, – деп түсіндірді Ішкі істер министрі. 

Сонымен қатар ІІМ басшысы әкімшілік рақымшылық аясында жеке тұлғалардың орындалмаған айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесі қарастырылатынын еске салды.

Мұндай тұлғалардың санаттары, айыппұлдарды есептен шығару көлемі мен тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында уәкілетті орган тарапынан егжей-тегжейлі пысықталады, – деп түйіндеді Сәденов.

Еске салсақ, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімшілік істер бойынша рақымшылық тетігін екі аптада әзірлеуді тапсырды.