Қандай талапкерлер алған грантынан айрылады
Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен биылғы ҰБТ қорытындыларына қатысты баспасөз конференциясында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өйткені тестілеу кезіндегі барлық бейнежазбаға 2023 жылдың 31 қазанына дейін талдау жасалады.
Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Естеріңізде болса, бұл норма 2020 жылы алғаш рет қолданылған еді. 2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 тестіленушінің, 2021 жылы 52 адамның, 2022 жылы 217 адамның нәтижесі жойылған болатын. Биыл да бұл жұмыс қолға алынған, - деді ол.
Сондай-ақ жылдағыдай ҰБТ барысында тестілеу ережелерін бұзып, нәтижелері жойылған түлектер де болды.
ҰБТ өткізу барысында 402 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 312 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды, - деді Емелбаев.
Айта кетейік, кейбір тестіленушілерден жасырын камералар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды.