«Қандай Одақ туралы айтуға болады?» – Лукашенко ЕАЭО-дағы утильалымға наразылық білдірді
Беларусь президенті ЕАЭО аясындағы жоғары утильалым мөлшерлемесі Одақ ішіндегі өнеркәсіптік кооперацияға кері әсер етіп отырғанын айтты.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Астанада өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінде утильалым туралы сөз қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Лукашенко ЕАЭО аясындағы утильалым мөлшерлемесінің жоғары екенін айтып, көп ұзамай оның көлемі көліктің өз бағасынан асып кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Одақ құрылған алғашқы кезеңде компоненттік базаны дамытуға инвестицияны бірлесіп тарту туралы айтқан едік. Ал қазір не болды? Әркім өз нарығын ешкімді кіргізбейтіндей етіп жауып алды. Утильалым мөлшерлемесі жақын арада көліктің өз бағасынан асып кетуі мүмкін. Біз мұны не үшін істеп отырмыз? Мұндай жағдайда қандай Одақ туралы айтуға болады? – деп атап өтті Беларусь басшысы.
Сондай-ақ президент Еуразиялық экономикалық одақтың өнеркәсіп саясаты саласындағы жағдайды түзетуге шақырды.
ЕАЭО аясындағы өнеркәсіп саясаты ақсап тұр. Еуразиялық экономикалық комиссия мен бәріміз бұл жағдайды түзетуіміз керек. Кооперацияны ынталандыру тетігі іске қосылды, бірақ оның ауқымы мен тиімділігі әзірге мардымсыз. Біз лайықты одақтық жобаларды таба алмай отырмыз. Соның салдарынан бір-бірін қайталайтын өндірістер ашып, кейін оларды өзара қорғауға тырысамыз, – деді Лукашенко.
Еске салайық, бұған дейін Лукашенко ЕАЭО-ны сөзден іске көшуге шақырды.